
МЕМЛЕКЕТТІК АТТЕСТАТТАУДЫ ӨТКІЗУ БОЙЫНША НЕГІЗГІ ТАЛАПТАР ТҮСІНДІРІЛДІ
Кеше, 2023 жылғы 14 желтоқсанда Алматы облысының Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті 2024 жылы мемлекеттік аттестаттаудан өтетін балабақшалар мен мектептердің басшыларына арналған семинар-кеңес өткізді.
Анықтама: «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңы 59-бабының 4-тармағына сәйкес мемлекеттік аттестаттау меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, профилактикалық бақылау арқылы бес жылда бір рет жүргізіледі.
2024 жылы Алматы облысында 302 білім беру ұйымы мемлекеттік аттестаттаудан өтеді, оның ішінде 200 балабақша (мемлекеттік – 28, жекеменшік – 172) және 102 мектеп (мемлекеттік – 99, жеке - 3)
Семинар барысында оқушыларды кешенді тестілеуді, ата-аналар, педагогтар мен оқушылар арасында сауалнама жүргізуді қоса алғанда, мемлекеттік аттестаттауды өткізу тәртібі туралы түсініктемелер берілді.
Семинар-кеңеске қатысушылар өзін-өзі бағалау кезеңдерімен, білім беру ұйымдарын бағалау критерийлерімен танысып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.