Аппараттық кеңес өтті

Аппараттық кеңес өтті

 

  Аппараттық кеңес өтті

 

Бүгін, 2023 жылғы 20 қарашада Алматы облысының әкімі  М. Сұлтанғазиевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Е. С. Жиренбай Департаменттің 2023 жылғы 10 айдағы атқарылып жатқан жұмысы туралы баяндады.

Сөз сөйлеу барысында Департамент басшысы келесі негізгі бағыттарға тоқталды:

- білім беру ұйымдарында жүргізілген мемлекеттік аттестаттау қорытындылары;

- білім беру ұйымдарын лицензиялау;

- білім беру құжаттарына апостиль қою;

- мектептерді күрделі жөндеу барысына жүргізілген мониторинг қорытындысы;

- тегін ыстық тамақты және оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру мәселелері бойынша білім беру ұйымдарының қызметіне мониторинг жүргізу туралы.

Е. Жиренбай кеңеске қатысушылардың назарын 2022 жылы басталған күрделі жөндеу аяқталмаған үш білім беру нысанының жай-күйіне ерекше аударды. Екі мектеп Райымбек ауданында орналасқан (Көкбел ауылындағы Көксай орта мектебі және Көмірші орта мектебі) және И. Нүсіпбаев атындағы мектеп-интернат жанындағы жатақхана ғимараты. Қазіргі уақытта күрделі жөндеу тек мектептердің оқу ғимараттарында ғана аяқталған. Мердігерді жосықсыз деп тану бойынша сот процесіне байланысты 9 ай бойы жатақханада күрделі жөндеу жұмыстары тоқтап тұр.

Сөз соңында Департамент басшысы кеңейтілген алқа барысында ағымдағы жылдың 2-3 қарашасында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің басшылығы айтқан Мемлекет басшысының, Үкіметтің тапсырмаларын орындау бойынша бірқатар ескертулер мен кемшіліктерге тоқталды. Олар:

- білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен және «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде мектептер салу;

- білім беру объектілерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

- қорғаншылық және қамқоршылық органдары мамандарының жетіспеушілігі;

- робототехника, химия, биология, STEM кабинеттерін ашу;

- білім беру ұйымдары басшыларының кадрлық резервін қалыптастыру жөніндегі жобаға қатысу;

- 9-сыныптан кейін колледждерге түскен білім алушыларды тегін біліммен қамту.

Сөз қорытындысы бойынша Алматы облысының әкімі хаттамаға Департамент басшысы ұсынған ұсынымдарды енгізуді тапсырды.