
Оқу-ағарту Министрінің тапсырмасына сәйкес 2023 жылдың шілде айында Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің қызметкерлері мектептердің 2023-2024 оқу жылына дайындығы бойынша мониторинг жүргізді.
Мониторинг барысында Қобда ауданындағы Қосөткел негізгі мектебі оқушыларды қабылдауға дайын еместігі анықталды. Жауған жаңбырдың әсерінен мектеп шатырынан су кетіп, ғимаратты су алғаны байқалды. Мектеп ғимараты қолданысқа берілген 1988 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Шатырдан аққан судың әсерінен төбе ағаштары, ішкі дәліз төбелері жарамсыз болып қалған және төбеге тіреулер қойылғанымен жағдай жалғасуда. Қатты жаңбыр кезінде жауын дәлізге ғана емес, сонымен қатар оқу бөлмелерінде де ағады. Бұл жағдайдың орын алып келе жатқанына шамамен 6 жыл болған.
Мониторинг қорытындысы бойынша Қосөткел негізгі мектебіне шатырды жөндеуге қаражат бөлініп, қазіргі уақытта анықталған бұзушылықтар жойылып, мектеп штаттық режимде жұмыс жасауда.