
18 мамыр күні Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «2022-2023 оқу жылының аяқталуы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.
Баспасөз конференциясы барысында Ақтөбе облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертлеуова мен Департамент басшысы Гулнара Сарсенгалиева ағымдағы оқу жылының аяқталуы, қорытынды емтихандар, мектеп бітіру іс-шараларын өткізу, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру туралы баяндама жасады.
Департамент басшысы Г.Сарсенгалиева өз сөзінде педагогикалық әдеп нормалары мен сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылықтарға жол бермеу қажеттігін атап өтті. Яғни, сынып сағаттары мен линейкаларды ұйымдастыру, аттестаттарды салтанатты тапсыру кезінде ата-аналардан іс-шараларды өткізуге, аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, жеке студияларды тартуға қаражат жинауға жол берілмейтіндігі, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге сыйлықтар беруге тыйым салынатындығын айтты.
Сондай-ақ, педагогтердің лауазымдық міндеттерінде көзделмеген жұмыс түрлеріне оларды тарту бөлігінде құқықтарының бұзылуына жол бермеу туралы (жөндеу кезеңі жақындап келеді, осы кезеңде педагогтер жиі жөндеу жұмыстарына тартылады), педагогтер жүргізуге міндетті құжаттар тізбесінде көзделмеген есептілікті талап ету (мысалы, ҚР БжҒМ №130 бұйрығына сәйкес электронды түрде жүзеге асырылуы тиіс құжаттарды басып шығару талабы), мұғалімдерге тауарлар мен қызметтерді сатып алу міндеттерін жүктеу (мысалы, кабинеттерді безендіру үшін тауарларды сатып алу) мәселелері төңірегінде айтылды. Осы аталған бұзушылықтарға жол берген жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске сәйкес жауапкершілік көзделгенін баяндады.
Педагог мәртебесі туралы заң талаптары бұзылған жағдайда, педагогтардың құқықтарының, балалардың құқықтарының бұзылуы орын алған жағдайда Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің 41-44-58 сенім телефонына, Whatsapp мессенеджеріндегі 8747250-38-50 нөміріне немесе Департаменттің facebook, instagram әлеуметтік желі беттері арқылы, balaqorgau telegram чатына жүгіну мүмкіндігі болатынын, әрбір қоңырау мен хабарлама назардан тыс қалмайтындығын жеткізді.