
Семинар-кеңес: "2023 жылғы колледждердің мемлекеттік аттестаттау нәтижелері"
2023 жылғы 23 мамырда Департаменттің ұйымдастыруымен Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі базасында колледж басшыларының қатысуымен 2023 жылғы колледждердің мемлекеттік аттестаттау нәтижелері бойынша семинар-кеңес өткізілді.
Семинар кеңеске Ақтөбе облысы білім басқармасы, "Өрлеу "біліктілікті арттыру ұлттық орталығы" АҚ филиалы, "Ақтөбе облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты" АҚ, Ақтөбе облыстық ғылыми-практикалық орталығының өкілдері шақырылды.
Департамент басшысы Гулнара Акмурзиевна Сарсенгалиева колледждердің мемлекеттік аттестаттау нәтижелеріне тоқталып, "Білім беру ұйымдарын бағалау критерийлерін бекіту туралы" ҚР Білім Министрінің 2022 жылғы 5 желтоқсандағы № 486 бұйрығының тармақтарының бұзылғандығын көрсетті. 41 колледждің тек 7-і бірінші реттен мемлекеттік аттестаттаудан өткенін және бұл жалпы санның 17% құрайтынын аттап өтті.
Анықталған үлгілік бұзушылықтарды талдаумен және оларды жою бойынша ұсынымдармен сарапшылар сөз сөйледі: Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Б. И. Екібасова - "Мемлекеттік аттестаттау барысында білім беру ұймдарын бағалау өлшемшарттары бойынша анықталған кемшіліктер"; Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Е. Б. Өтеулиев – "Білім беру бағдарламасын әзірлеу және жүзеге асыру"; Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Газизуллина Е.Н. - "Өндірістік практиканы жоспарлау және білім алушылардың білімін бақылау кезіндегі мемлекеттік білім беру стандарттарының талаптары".
Сондай-ақ, жекеменшік колледждердің басшылары педагогтердің жалақысын көтеру және КЕАҚ "Талап" базасында қайта даярлау курстарынан өту мәселелерін айтты.
Семинар барысында ТжК білім беру жүйесіндегі проблемалық мәселелер талқыланды. Сонымен қатар семинарға қатысушылардың ұсыныстары тыңдалып, білім беру процесінің сапасын жақсартуға баса назар аудара отырып, анықталған проблемаларды шешудің тиімді жолдары айтылды.