Білім беру қызметін лицензиялау тәртібі

Білім беру қызметін лицензиялау тәртібі

Қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында білім беру қызметімен айналысу үшін мемлекеттік лицензияның болуы талап етіледі. Қызметтің бұл түрі мынадай кіші қызмет түрлерін қамтиды: бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің жалпы білім беру бағдарламалары; техникалық және кәсіптік білім берудің кәсіптік бағдарламалары, оның ішінде кәсіптер мен мамандықтар бойынша; орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік бағдарламалары, оның ішінде мамандықтар бойынша; рухани білім беру бағдарламалары.

Егер лицензиар жергілікті атқарушы орган немесе орталық мемлекеттік органның аумақтық органдары болып табылса, лицензия және (немесе) лицензияға қосымша заңды тұлғаның тіркелген жері бойынша беріледі. "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 16 мамырдағы № 202-V ҚРЗ Заңына сәйкес бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бойынша білім беру қызметін лицензиялауды жүзеге асыру жөніндегі лицензиар болып Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету Комитетінің аумақтық департаменттері айқындалған.

Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алу үшін білім беру қызметін лицензиялау кезінде қойылатын талаптардың сәйкестігі талап етіледі және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесі Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 24 қарашадағы «Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, діни білім беру ұйымдарының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесін бекіту туралы» № 473 бұйрығымен белгіленген.

Құжаттар "электрондық үкімет" www.egov.kz веб-порталы немесе "Е-лицензиялау" веб-порталы www.elicense.kz. арқылы электрондық нысанда беріледі. Куәландырылған құжаттардың дұрыстығына оларды ұсынған өтініш беруші немесе лицензиат жауапты болады.

Лицензия және (немесе) лицензияға қосымша мынадай жағдайларда: 1) заңды тұлға бірігу, қосылу, бөлініп шығу немесе қайта құру нысанында қайта ұйымдастырылған кезде; 2) заңды тұлғаның атауы және (немесе) заңды мекенжайы өзгерген кезде қайта ресімделуге жатады.

Дата публикации
21 апреля 2023