Қазақстанның Еуропалық одақ аса маңызды деп таныған 34 минералдың 21 түрін жеткізуге мүмкіндігі бар. Еліміз шикізатты терең өңдеуді, жоғары технологиялық материалдар шығаруды және еуропалық серіктестермен бірлескен өндірістерді дамытуды көздеп отыр.
Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков 12 қазанда Астанадағы Назарбаев Университетінде өткен Қазақстан–Бельгия семинарында мәлімдеді. Жиынға екі елдің өнеркәсіп, ғылым және білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.
2018 жылдан бері Қазақстанда геологиялық зерттеулерге 67 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, 2 млн шаршы шақырымнан астам аумақ зерттелді. 2026 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 2,2 млн шаршы шақырымға жетеді деп болжануда. Сирек жер металдарын іздестіру жұмыстары жүргізілген 11 алаңда игеруге әлеуеті бар 38 учаске анықталды.
Елімізде тантал, ниобий, бериллий өндірісі жолға қойылған, сондай-ақ молибден мен рений алынады. Жылына 15 тонна галлий өндіретін кәсіпорынды іске қосу жоспарланған. Қазақстан аккумулятор материалдарын, арнайы қорытпаларды, жартылай өткізгіш материалдар мен тұрақты магниттерді өндіруге басымдық беріп отыр.
«Қазіргі әлеуетіміз бен мүмкіндіктерімізді ескерсек, Қазақстан аса маңызды шикізат саласында бастапқы өндіру мен түпкілікті өнім шығарудың арасындағы өңдеу буынына, яғни Midstream индустриясына маманданған ел ретінде әлемдік нарықта өзіндік орын ала алады», – деді Олжас Сапарбеков.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Еуропалық одақ институттарының қатысуымен Сирек жер металдарын зерттеу жөніндегі өңірлік ғылыми орталықты құру жұмыстары жүргізілуде. Еуропалық қайта құру және даму банкі жобаның алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуді қолдады. Еуропалық комиссияның қолдауымен геохимиялық, төрелік сараптама және ғылыми-металлургиялық зертханалар кешенінің құрылысын 2027 жылы бастап, 2028 жылы іске қосу жоспарланған.
Бельгиямен ынтымақтастықтың төрт бағыты ұсынылды: шикізатты өңдеу, металдарды бөлу және тазарту, инженерлік шешімдер мен жабдықтар, логистика және қаржыландыру. Бірлескен жобалар аясында гидрометаллургия, сирек жер металдарының оксидтерін бөлу, қайталама шикізатты өңдеу және өндіріс орындарын жаңғырту мүмкіндіктері қаралды.
«Біз өңдеу өндірісін қажетті технологиялармен және кәсіби құзыреттермен бірге кезең-кезеңімен Қазақстанға көшіруді көздейтін ынтымақтастық үлгілерін талқылауға дайынбыз», – деді вице-министр.
Сондай-ақ дайын өнімді Еуропаға жеткізуде Антверпен портының мүмкіндіктерін пайдалану және бірлескен жобаларды еуропалық қаржы құралдары мен қазақстандық мемлекеттік қолдау шаралары арқылы қаржыландыру мәселелері көтерілді.
Семинарда Molymet және Lindian Kazakhstan компаниялары өз тәжірибелерімен бөлісті. Талқылау қорытындысында жауапты серіктестері мен алғашқы техникалық қадамдары айқындалған нақты бірлескен жобалар тізбесін әзірлеу жоспарланып отыр.
«ҚР МШКҚ ҰО» РМК-ның «ВНИИцветмет» филиалының жас мамандары аса маңызды минералдық ресурстарды өңдеу саласындағы зерттеу нәтижелерін РҒА корреспондент-мүшесі Г. Л. Пашков атындағы «Түсті, сирек және асыл металдар металлургиясы» халықаралық конференциясында таныстырды.
Бұл бағыттағы зерттеулер тау-кен металлургиясы саласы үшін өзекті бірқатар міндетті шешуге арналған. Атап айтқанда, кенді өңдеу тиімділігін арттыру, технологиялық үдерістерді жетілдіру және құнды компоненттердің жоғалуын азайту көзделген.
ВНИИцветмет минералдық шикізатты байыту саласында көп жылдан бері ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Институт мамандары Қазақстандағы бірқатар байыту фабрикасының технологияларын әзірлеуге және жетілдіруге атсалысуда. Олардың қатарында Ақтоғай, Бозшакөл, Қамқор, Карчигин және Жезқазған кен орындарының байыту кәсіпорындары бар.
Бүгінде осы бағыттағы жұмысты минералдық шикізатты технологиялық сынау зертханасының жас зерттеушілері жалғастырып келеді.
Зерттеу бағыттарының бірі мысты гидрометаллургиялық әдіспен алуға арналған. Никита Якушев L-SX-EW технологиясында өнімді ерітінділер құрамындағы қоспалардың экстракция мен электролиз үдерістеріне әсерін зерттеп жүр. Тұйық технологиялық циклде қоспалар біртіндеп жиналуы мүмкін. Сондықтан технологиялық үдерістің тұрақты жүруі үшін ерітінді құрамын бақылау маңызды.
Институт вольфрам бар шикізатты байыту бағытында да зерттеу жүргізеді. Бұл ретте байыту нәтижесінде алынатын вольфрамы аз өнімдердегі оның мөлшерін дәл анықтаудың маңызы зор. Мұндай талдау технологиялық қалдықтармен бірге жоғалатын вольфрам көлемін бағалауға мүмкіндік береді.
Зертхананың жетекші инженері Илана Якушева WO₃ мөлшерін 0,010-0,05% аралығында фотометриялық әдіспен анықтаудың бейімделген тәсілін әзірледі. Осы әдіспен алынған деректер байыту тиімділігін бағалауға және вольфрам шығынын азайтудың жолдарын іздеуге пайдаланылуы мүмкін.
Жас мамандардың зерттеу тақырыптары әртүрлі болғанымен, олардың көздеген мақсаты ортақ – аса маңызды минералдық ресурстарды барынша тиімді пайдалану.
Зерттеу нәтижелері 2026 жылғы 21-25 қыркүйек аралығында Красноярск қаласында Сібір федералдық университетінің Түсті металдар институты базасында өткен РҒА корреспондент-мүшесі Г. Л. Пашков атындағы «Түсті, сирек және асыл металдар металлургиясы» халықаралық конференциясында ұсынылды. Баяндамалар конференция қатысушыларының қызығушылығын тудырып, кәсіби ортада талқыланды.
«Мұндай конференцияларға қатысу мамандарымызға зерттеу нәтижелерін таныстырып қана қоймай, оларды кәсіби ортада талқылауға, әріптестерінің пікірін тыңдап, тәжірибе алмасуға және кері байланыс алуға мүмкіндік береді. Мұндай кәсіби пікір алмасу зерттеулерді одан әрі дамытуға және тау-кен металлургиясы саласындағы өзекті өндірістік міндеттердің шешімін іздеуге жол ашады», – деді ВНИИцветметтің минералдық шикізатты технологиялық сынау зертханасының меңгерушісі, баяндамашылардың ғылыми жетекшісі Н. В. Сизикова.
Ж. Әбішев атындағы Химия-металлургия институтының жас ғалымдары отандық шикізатты пайдалана отырып, ферротитан өндіру технологияларын әзірлеуде. Зерттеу жұмыстары металлургиялық өндірістің тиімділігін арттыруға және еліміздің шикізат қорын өңдеу ісіне барынша кеңінен тартуға бағытталған.
Титан болаттың құрылымын реттеп, оның пайдалану қасиеттерін жақсартуға мүмкіндік беретіндіктен, ферротитан қазіргі металлургияда сұранысқа ие. Осыған байланысты оны өндірудің қолжетімді әрі технологиялық тұрғыдан тиімді тәсілдерін іздестіру – өзекті бағыттардың бірі.
Бұл бағыттағы жұмыстарды «Қазақстан Республикасының минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы» РМК-ның Ж. Әбішев атындағы Химия-металлургия институты филиалының жас зерттеушілері жүргізіп келеді. Ғалымдар кондицияға сай келмейтін ильменит концентраттары мен күлділігі жоғары көмір негізіндегі кешенді титан құрамды тотықсыздандырғыштарды пайдаланып, ферротитан алу технологияларын әзірлеуде.
Зерттеу барысында бастапқы материалдардың физика-химиялық қасиеттері зерделеніп, термодинамикалық модельдеу жүргізіледі. Сонымен қатар зертханалық және ірілендірілген зертханалық балқыту жұмыстары атқарылады. Атап айтқанда, алынған кешенді титан құрамды қорытпаны құрамындағы титан мөлшері 65%-дан асатын ферротитан балқытуда пайдалану мүмкіндігі зерттелуде.
Алынған нәтижелер отандық шикізат қорын металлургиялық өңдеуге барынша толық тартуға және минералдық шикізатты кешенді өңдеу технологияларын одан әрі жетілдіруге ғылыми-технологиялық негіз қалайды. Бұл бағыт сұранысқа ие металлургиялық материалдар өндірісінде ресурсты үнемдейтін шешімдерді әзірлеуді де көздейді.
Жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – жас мамандарды даярлау және оларды ғылыми зерттеулерге тікелей тарту.
«Жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі – жаңа буын мамандарын даярлау. Зерттеулерге жас ғалымдар, мамандар мен студенттер, соның ішінде Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті мен Ұлттық зерттеу технологиялық университеті «МИСиС»-тің магистранттары, сондай-ақ магистрлер мен бакалаврлар қатысады. Олар тәжірибелер жүргізуге, үлгілерді дайындауға, алынған нәтижелерді өңдеп, талдауға атсалысып, ғылыми-зерттеу жұмысының практикалық тәжірибесін жинақтайды», – дейді Ж. Әбішев атындағы Химия-металлургия институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Наталья Лу.
Сөз етілген зерттеулер Ж. Әбішев атындағы Химия-металлургия институтының минералдық және техногендік шикізатты кешенді өңдеу, тотықсыздандыру үдерістері мен жаңа металлургиялық материалдар алу бағыттарындағы ғылыми дәстүрінің жалғасы саналады.
Жас зерттеушілер институтта қалыптасқан ғылыми әлеуетті одан әрі дамытып, Қазақстанның металлургия ғылымы мен өндірісінің өркендеуіне жол ашатын жаңа технологиялық шешімдер әзірлеуге үлес қосып келеді.
2018 жылғы 2 ақпандағы ЕАЭО-ға қатысушы мемлекеттердің тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімін (Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 1 наурыздағы №230 Заңымен ратификацияланған) және Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2019 жылғы 18 қарашадағы №127 «Жеңіл өнеркәсіп тауарларын сәйкестендіру құралдарымен таңбалауды енгізу туралы» шешімін іске асыру шеңберінде 2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті таңбалауды енгізу жоспарлануда.
Жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті таңбалауды енгізудің реттеушілік әсерін талдау (бұдан әрі – РӘТ) нәтижелері жария тыңдауларда талқыланды (2024 жылғы 5 қарашадағы №20-3-20-14/32 хаттама). РӘТ нәтижелері Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиямен мақұлданды (2025 жылғы 7 сәуірдегі №93 хаттама).
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің бұйрығымен жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау және қадағалау қағидалары бекітілді. Қағидалардың негізгі ережелері 2026 жылғы 14 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.
Құжат Қазақстан аумағында жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау тәртібін айқындайды және өндірушілер, импорттаушылар, көтерме және бөлшек сауда өкілдері үшін міндетті болып саналады. Қағидалар тауарларды тіркеуден және таңбалау кодтарын алудан бастап, олардың айналымы туралы мәліметтерді тауарларды таңбалау мен қадағалау цифрлық жүйесіне беруге дейінгі барлық негізгі процесті қамтиды.
Жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті таңбалау 2026 жылғы 1 желтоқсанда басталып, үш кезеңмен енгізіледі.
Таңбалау қалай енгізіледі
Бірінші кезең 2026 жылғы 1 желтоқсанда басталады. Осы күннен бастап табиғи немесе композициялық былғарыдан жасалған киімдер мен керек-жарақтар, жасанды үлбір және одан жасалған бұйымдар, ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған киімдердің жекелеген түрлері, шаңғы костюмдері, сондай-ақ төсек-орын, ас үйге, үстелге және жеке гигиенаға арналған тоқыма бұйымдары міндетті түрде таңбалануға тиіс.
Екінші кезең 2027 жылғы 1 наурыздан басталады. Бұл кезеңде сырт киімнің жекелеген түрлері, блузкалар, свитерлер, пуловерлер, кардигандар, көкірекшелер, ерлер жейделері, әйелдерге арналған блузкалар, шәлілер, шарфтар, галстуктар және басқа да тауарлар қамтылады.
2027 жылғы 1 қазаннан бастап таңбалау ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған киімдердің қосымша санаттарына таралады. Олардың қатарында костюмдер, пиджактар, жакеттер, көйлектер, белдемшелер, шалбарлар, комбинезондар, спорттық костюмдер және трикотаж жейделер бар.
Міндетті таңбалауды кезең-кезеңімен енгізу жеңіл өнеркәсіп тауарлары айналымына қатысушылардың жаңа реттеу құралына біртіндеп бейімделуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Цифрлық таңбалау дегеніміз не
Цифрлық таңбалау әрбір тауар бірлігіне бірегей екіөлшемді Data Matrix кодын түсіруді көздейді. Таңбаланған тауар туралы ақпарат Бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының жүйесінде тіркеледі.
Бұл өнімді сәйкестендіруге және оның өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап, түпкі тұтынушыға сатылғанға дейінгі қозғалысын қадағалауға мүмкіндік береді.
Сатып алушы Naqty Onim тегін мобильді қосымшасы арқылы кодты сканерлеп, тауар туралы мәліметтерді тексере алады және оның таңбалау жүйесінде тіркелгеніне көз жеткізеді.
Таңбалауды енгізудің негізгі мақсаты – заңсыз айналым мен контрафактілік өнім көлемін азайту, адал өндірушілер мен сатушылардың мүддесін қорғау, сондай-ақ нарықтың ашықтығын арттыру.
Нарық қатысушылары не істеуі керек
Өндірушілер тауарды айналымның келесі қатысушысына бермес бұрын оған таңбалау кодын енгізуі тиіс.
Импорттаушылар өнім Қазақстанға әкелінгенге дейін немесе оны ішкі тұтыну үшін шығару және кері импорт кедендік рәсімдеріне орналастырғанға дейін таңбалануын қамтамасыз етуі қажет.
Бөлшек сауда орындары таңбаланған тауарларды екіөлшемді Data Matrix кодтарын оқи алатын сканерді пайдалана отырып, бақылау-касса машинасы арқылы сатуды қамтамасыз етуге тиіс.
Бизнестің жаңа талаптарға дайындалуына уақыт беру үшін өтпелі кезең қарастырылған. Қадағалау, яғни тауар қозғалысы туралы мәліметтерді нарық қатысушылары арасында міндетті түрде беру 2027 жылғы 1 қазаннан басталады. Ал тауар қалдықтарын 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін таңбалау қажет.
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков Францияға жасаған жұмыс сапары аясында Саверн қаласындағы KUHN компаниясының кәсіпорнына барды.
Қазақстан делегациясы құрамында Ауыл шаруашылығы министрлігі, KUHN компаниясының еліміздегі мүдделерін қорғайтын Eurasia Group AG компаниясы өкілдері, AGROMASH зауытының басшылығы болды.
KUHN – ауыл шаруашылығына қажетті тіркемелі және аспалы техникалар шығаратын әлемдегі ең ірі өндірушілердің бірі. Делегация мүшелеріне өндірістің толық циклі, негізгі технологиялық үдерістер және зауытта қолданылатын сапаны бақылау стандарттары таныстырылды.
Келіссөздердің негізгі тақырыбы ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласындағы ынтымақтастықты дамыту болды. Атап айтқанда, KUHN техникаларын Қазақстанда өндіруді локализациялау перспективалары, технологиялық өзара іс-қимыл және өндірістік құзыреттерді арттыру мәселелері қаралды.
Саверн – KUHN компаниясының тарихи өндірістік орталғы. Бүгінде оның өндірістік құрылымына үш құрлықта орналасқан 11 зауыт кіреді, компания өнімдері әлемнің 110-нан астам еліне ұсынылады.
Сапар ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің 2026 жылғы сәуірде ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін әлемдік жетекші өндірушілермен өткізген кездесуінің заңды жалғасы болды. Сол кезде AGROMASH зауыты, Eurasia Group AG ЖШС және KUHN Group арасында өнеркәсіптік кооперацияны тереңдетуге және өндірісті локализациялау ісін пысықтауға бағытталған келісім жасалған еді.
Саверндегі келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру жөніндегі одан арғы бірлескен іс-қимыл тәртібін айқындады.
Қазақстан энергия аудитін, энергетикалық менеджмент пен энергия үнемдейтін құрылыс саласын одан әрі дамытуда Жапонияның тәжірибесін пайдалануды көздейді. Астанада өткен қорытынды семинарда Қазақстан мен Жапонияның бірлескен жобасының нәтижелері, соның ішінде энергия тұтынуы нөлге жуық ғимараттар тұжырымдамасын (ZEB/ZEH) енгізуге арналған жол картасы таныстырылды.
Nazarbayev University алаңында «Қазақстанда энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуді арттыруға жәрдемдесу» жобасының қорытынды семинары өтті. Осылайша, бастауын 2011 жылдан алатын Қазақстан мен Жапонияның энергия үнемдеу және энергия тиімділігі саласындағы көпжылдық бірлескен жұмысы қорытындыланды. Іс-шараға қазақстандық және жапондық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар мен сала мамандары қатысты.
Семинарда Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Олжас Алибеков сөз сөйледі. Ол жоба аясында жинақталған тәжірибенің еліміздегі энергия үнемдеу жүйесін одан әрі дамыту үшін практикалық маңызы бар екенін атап өтті.
«Мемлекеттік саясат тұрғысынан алғанда, жоба аясында энергия тиімділігінің тек технологиялық қырымен шектелмей, мәселенің кешенді түрде қарастырылғаны аса маңызды. Тұрақты нәтижеге қол жеткізу үшін мемлекеттік реттеу, заманауи технологиялар, білікті мамандар, сондай-ақ бизнес пен халықтың мүдделілігі бір арнаға тоғысуы қажет. Жоба барысында жинақталған тәжірибе еліміздегі энергия үнемдеу мен энергия тиімділігі тетіктерін одан әрі жетілдіру үшін практикалық тұрғыдан құнды», – деді Олжас Алибеков.
Семинар барысында жоба қорытындыланып, қазақстандық және жапондық мамандардың бірлескен жұмысының нәтижелері таныстырылды. Негізгі назар энергетикалық менеджмент пен энергия аудитіне, энергия үнемдейтін құрылыс пен ZEB/ZEH тұжырымдамасына, сондай-ақ халықтың хабардарлығын арттырып, энергия ресурстарын ұқыпты пайдалану мәдениетін қалыптастыруға аударылды.
Жоба аясында ғимараттардың энергия тұтынуына зерттеу жүргізіліп, түрлі сценарийлер бойынша модельдеу жасалды. Қазақстандық мамандар Жапонияда білімін жетілдіріп, энергия аудиті жүйесін жетілдіруге арналған ұсыныстар әзірленді. Жобаның нақты нәтижелерінің бірі – Қазақстанда ZEB/ZEH тұжырымдамасын дамыту және енгізу жөніндегі жол картасының әзірленуі.
JICA сарапшысы Кобаяши Хиронори Қазақстанның климаттық жағдайында энергия үнемдейтін шешімдерді қолданудың әлеуеті жоғары екенін атап өтті.
«Қазақстанның суық климаттық жағдайының өзінде ғимараттарда энергия үнемдеудің мүмкіндігі мол. Жүргізілген талдау заманауи шешімдерді қолдану арқылы энергия тұтынуды 73,4%-ға дейін қысқартуға болатынын көрсетті. Алайда мұндай технологиялардың кеңінен қолданылуы үшін олардың экономикалық тұрғыдан тиімді болуы маңызды. Сондықтан алдағы міндет – энергия тиімді технологиялардың техникалық нәтижелілігімен қатар, экономикалық жағынан да тартымды болуына жағдай жасау», – деді JICA сарапшысы Кобаяши Хиронори.
«Ұлттық энергия үнемдеу орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Смағұлов жобаның аяқталуы жинақталған тәжірибені іс жүзінде пайдалануға және жаңа бірлескен бастамаларды қолға алуға мүмкіндік беретінін айтты.
«Біз жобаның аяқталуын ынтымақтастықтың тоқтауы деп емес, жинақталған тәжірибені алдағы жұмыста пайдалануға берілген мүмкіндік деп қабылдаймыз. Ұлттық энергия үнемдеу орталығы JICA-мен, жапондық сарапшылармен және қазақстандық серіктестермен жаңа бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға, тәжірибе алмасуға және нақты жобалар аясында жұмыс істеуге әрдайым дайын. Осы жоба аясында жинақталған тәжірибе Қазақстанда өз жалғасын тауып, нақты іске жарайды деп сенемін», – деді Бауыржан Смағұлов.
Семинарда энергия үнемдеу мәдениетін қалыптастыру мен халықтың осы бағыттағы хабардарлығын арттыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Іс-шара барысында EnergySave байқауының жеңімпаздары да жарияланды.
Жобаның аяқталуымен көпжылдық бірлескен жұмыстың белгілі бір кезеңі қорытындыланды. Осы уақыт ішінде жинақталған білім, әдістемелік тәсілдер мен практикалық әзірлемелер Қазақстандағы энергия үнемдеу жүйесін одан әрі жетілдіруге негіз болмақ. Атап айтқанда, олар нормативтік тәсілдерді жетілдіру, мамандар даярлау, пилоттық бастамаларды жүзеге асыру және энергия тиімділігінің заманауи құралдарын енгізу бағыттарында пайдаланылуы мүмкін.
Қазақстан тарапы жапондық әріптестермен сараптамалық тәжірибе алмасуды жалғастыруға және энергия үнемдеу мен энергия тиімділігі саласындағы жаңа бірлескен бастамаларды қарастыруға мүдделі екенін білдірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында ел экономикасын жаңғыртып, оның құрылымын әртараптандыруда отандық машина жасау саласын дамытудың маңызын бірнеше рет атап өтті. Бұл бағыттағы негізгі міндеттердің бірі – қосылған құны жоғары өнім көлемін ұлғайтып, өндірістегі отандық үлесті арттыру.
Қазақстанда теміржол машина жасау саласы кешенді түрде дамып келеді. Бүгінде елімізде локомотивтер мен олардың бөлшектерін өндіруден бастап, техникалық қызмет көрсету мен жөндеуге дейінгі барлық бағыт жолға қойылған. Саладағы ірі кәсіпорындардың бірі – Астанадағы Alstom компаниясының «Электровоз құрастыру зауыты».
Қазір бұл салада 8,5 мыңға жуық адам еңбек ететін 60-тан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Қазақстандық кәсіпорындар Wabtec, Alstom және Stadler секілді әлемдік өндірушілермен бірлесіп локомотивтер, вагондар және оларға қажетті бөлшектер шығарады. Отандық өнім ішкі нарықпен қатар, жақын және алыс шетелдерге де жеткізіліп келеді.
«Қазақстанда теміржол машина жасау саласының тұтас өндірістік жүйесі қалыптасып келеді. Отандық кәсіпорындар бүгінде локомотивтер мен вагондар шығарумен ғана шектелмейді. Қажетті бөлшектерді өндіру, техникалық қызмет көрсету және жөндеу бағыттары да қатар дамып жатыр. Бұл отандық өнеркәсіптің мүмкіндігін арттырып, қазақстандық өнімнің шетел нарығындағы үлесін кеңейтуге жол ашады», – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің Электротехникалық және ауыр машина жасау басқармасының сарапшысы Арсен Базаров.
Теміржол машина жасау саласының дамуы елорда өнеркәсібіндегі жалпы өсіммен де сабақтас. 2026 жылдың жеті айында Астана кәсіпорындары 2,57 трлн теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,3%-ға көп. Жалпы өндірістің 95%-дан астамы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Аталған саладағы өнім көлемі 2,42 трлн теңгеге жетті.
Елорда өнеркәсібіндегі өсім өндіріс көлемімен ғана өлшенбейді. Кәсіпорындар жаңа технологияларды игеріп, жергілікті өндірістің үлесін арттырып, өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтіп келеді.
Соның бір мысалы – «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының №1 Индустриялық паркінде орналасқан «Электровоз құрастыру зауыты». 2012 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын жылына 100 электровоз секциясына дейін шығаруға қауқарлы.
Аумағы 35 мың шаршы метрді құрайтын өндіріс орнында жүк және жолаушылар электровоздарының бірнеше түрі, борттық трансформаторлар мен тартқыш конвертерлер шығарылады. Зауыт жұмыс істеген жылдар ішінде Қазақстан мен шетел нарықтарына 450-ден астам электровоз өндірді.
«Біз ішкі нарыққа арналған жүк және жолаушылар электровоздарын шығарамыз. Сонымен бірге экспорт көлемін де ұлғайтып келеміз. 2018–2022 жылдары Әзербайжанға 40 электровоз жеткізілсе, биыл Францияға локомотивтің 10 кузовы экспортталды. Жыл соңына дейін трансформаторларды шетелге шығаруды жоспарлап отырмыз. Қазір зауытта 750-ден астам, сервистік бөлімшеде 600-ден астам адам еңбек етеді. Бұдан бөлек, отандық өнімдерді пайдалану бағытында 240-тан астам қазақстандық кәсіпорынмен бірлесіп жұмыс істейміз», – деді зауыттың жоба директоры Бейбіт Ибраев.
Кәсіпорын өндіріс пен сервистік қызмет аясын одан әрі кеңейтіп келеді. 2025 жылы Астанада теміржол қозғалысын басқаруға арналған заманауи цифрлық жүйелерді жергілікті өндіріске енгізуге бағытталған Alstom өңірлік хабы жұмысын бастады.
Тағы бір ірі жоба – техникалық қызмет көрсету және күрделі жөндеу орталығы. Оның құрылысы 2025 жылғы мамырда басталды. Құрылыс 2027 жылы аяқталғаннан кейін орталықта жүк және жолаушылар локомотивтеріне жоспарлы техникалық қызмет көрсетіледі.
Өндірістің дамуы елорданың экспорттық мүмкіндігіне де серпін беріп отыр. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Астананың өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты 2,05 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 28%-ға көп.
Елорда кәсіпорындарының өнімдері Иранға, Түркияға және ТМД елдеріне жеткізіледі. Теміржол техникасымен қатар, түрлі жабдықтар, құрылыс материалдары, азық-түлік және басқа да өнімдер сыртқы нарыққа шығарылып келеді.
Арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялық парктер де елорда өнеркәсібінің дамуына елеулі үлес қосып отыр. Қазіргі таңда Астанада «Астана – жаңа қала» және «Астана – Технополис» атты екі арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді.
«Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының жалпы аумағы шамамен 15,3 мың гектарды құрайды. Оның құрамына №1 Индустриялық парк те кіреді. Қазір мұнда 145 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 103-і іске қосылып, 8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Тағы 42 жоба жүзеге асырылу сатысында. Оларға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 73,6 млрд теңгені құрайды. Осы жобалар іске қосылғанда шамамен 1 700 жаңа жұмыс орны ашылады», – деді «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы Басқарма төрағасының орынбасары Сәбит Мұхеджанұлы.
Жаңа өндірістердің ашылуы, технологияларды жергілікті өндіріске енгізу және экспорт көлемінің артуы Астананың өнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп келеді. Елорда дайын өнім шығаратын орталық қана емес, отандық кәсіпорындардың өзара ықпалдастығы артып, жаңа өндірістік тәжірибе қалыптасып, қазақстандық өнімнің шетел нарығына жол ашатын ірі өндіріс орталығына айналып келеді.
ЕвроХим-Каратау өндірістік алаңында фосфорит ұнын өндіруге арналған ПФМ-2 ұнтақтау кешенінің құрылысы басталды. Жаңа кешеннің жобалық қуаты – сағатына 170 тонна. Жоба ЕвроХимнің өндірістік қуатын дамыту және арттыру стратегиясы аясында жүзеге асырылуда. Алғашқы кезеңде аумақты дайындау және болашақ құрылыс конструкцияларына арналған қазаншұңқыр қазу жұмыстары жүргізілді. Нөлдік цикл барысында фосфорит ұнын өндіретін диірменнің негізгі бөліктерін орналастыруға және бекітуге арналған іргетас қаланады.
ПФМ-2 не үшін қажет
Қондырғы құрылысының бірнеше стратегиялық маңызы бар. Фосфорит ұнын өндіру көлемін еселеп арттыру және салынып жатқан Химиялық кешен қуаттарын сенімді әрі үздіксіз шикізатпен қамтамасыз ету. Сонымен қатар жоба компания ішіндегі әріптестікті күшейтеді: жоғары сапалы фосфат шикізаты топтың басқа кәсіпорындары — «БМУ» ЖШҚ мен «Фосфорит» ӨБ-ге тұрақты жеткізіледі. Бұл компанияның біртұтас өндірістік тізбегін нығайтады. Сондай-ақ, ПФМ-2 сыртқы нарықтарға шығуға және фосфорит ұнына деген сыртқы тұтынушылардың өсіп келе жатқан сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік беріп, қосымша экспорттық әлеует ашады.
Өндірістік және әлеуметтік көрсеткіштер
Жаңа ПФМ-2 кешенінің ең жоғары жобалық қуаты жылына 1,3 млн тоннадан асатын өнімді құрайды. Жобаның маңызды әлеуметтік мәні де бар: оны жүзеге асыру барысында 50-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Құрылыс және іске қосу-баптау жұмыстарын 2027 жылдың қарашасында аяқтау жоспарланып отыр.
Орталық коммуникациялар қызметінде өнеркәсіп саласында энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелеріне арналған баспасөз конференциясы өтті.
Спикер ретінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Олжас Әлібеков сөз сөйледі. Баспасөз конференциясына сондай-ақ «Ұлттық энергия үнемдеу орталығы» АҚ басқарма төрағасы Бауыржан Смағұлов және «Еуразиялық Топ» ЖШС (ERG) Энергетика департаментінің директоры Евгений Никитин қатысты.
Олжас Әлібеков ағымдағы нәтижелер, энергия ресурстарын ірі көлемде тұтынушылармен жүргізіліп жатқан жұмыс және экономиканың энергия сыйымдылығын одан әрі төмендету жоспарлары туралы айтып берді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ энергия сыйымдылығы 2021 жылғы деңгеймен салыстырғанда 4%-ға төмендеп, мың АҚШ долларына шаққанда 0,307 тонна шартты отынды құрады.
2029 жылға қарай отын-энергетикалық ресурстарды тиімсіз тұтынуды қысқарту есебінен экономиканың энергия сыйымдылығын 10%-ға төмендету жоспарлануда. Өнеркәсіп саласында бұл көрсеткішті 2021 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2029 жылға қарай 10%-ға төмендету міндеті қойылды. Бұл мақсатты көрсеткіштер Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласын дамыту тұжырымдамасында бекітілген.
Негізгі құралдардың бірі — қазіргі таңда 22 мыңнан астам субъект енгізілген Мемлекеттік энергетикалық тізілім. Жылына 50 мың және одан да көп тонна шартты отын тұтынатын, энергияның аса ірі көлемін қажет ететін кәсіпорындар үшін энергия тиімділігінің нысаналы көрсеткіштері белгіленген.
Энергия ресурстарын ең ірі 106 тұтынушысының тізіміне 53 өнеркәсіптік кәсіпорын кіреді: оның 30-ы өңдеу өнеркәсібіне, 23-і тау-кен металлургия кешеніне жатады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша осы тізімдегі энергия ресурстарының ең ірі он тұтынушысының тұтыну құрылымында ең жоғары үлес энергетика секторына (44,7%), өнеркәсіпке (42,4%), мұнай-газ саласына (12,9%) тиесілі.
Бауыржан Смағұлов Мемлекеттік энергетикалық тізілімнің жұмысы нәтижелерін таныстырды. Энергия аудиттерінің қорытындысы бойынша өнеркәсіптік кәсіпорындар 2014 жылдан бері 113,4 млрд теңгеге энергия үнемдеу іс-шараларын жүзеге асырып, нәтижесінде 51,44 млрд теңге үнемделген.
Евгений Никитин қайталама өнеркәсіптік жылуды кәдеге жарату әлеуетіне назар аударды. ERG оны энергия тиімділігінің дербес нысаны ретінде бекітуді және мұндай жобаларды іске асырудың, оның ішінде жылу желілеріне қосылу тетіктерін қамтитын бірыңғай қағидаларын қалыптастыруды ұсынады.
Брифинг барысында мемлекеттік бақылау мәселелері де қаралды. Деректердің дұрыстығына, энергия тұтыну нормативтерінің сақталуына, міндетті энергия аудитін жүргізуге және энергия тиімділігінің нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуге баса назар аударылады.
Қазіргі уақытта Құрылтайда энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыруға қатысты екі заң жобасы қаралуда. Ұсынылып отырған өзгерістер талаптарды Экологиялық кодекс ережелерімен үйлестіруді, Мемлекеттік энергетикалық тізілімді жетілдіруді, энергиялық қызмет көрсету нарығын дамытуды және энергия тиімділігі саласындағы талаптарды бұзғандар үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейтуді көздейді.
Сөз соңында Олжас Әлібеков энергия тиімділігін арттыру энергия ресурстарын үнемдеуге ғана емес, шығындарды азайтуға, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаков KazBuild және Aquatherm Almaty 2026 халықаралық көрмелері аясында өткен пленарлық сессияға қатысты.
Құрылыс саласының өкілдері, отандық және шетелдік бизнес өкілдері бас қосқан жиында Мұхамед Андаков Қазақстандағы құрылыс материалдары өндірісінің қазіргі ахуалына тоқталып, отандық өндірісті одан әрі өркендетудің мүмкіндіктері туралы айтты.
Оның айтуынша, соңғы бес жылда отандық құрылыс материалдарының үлесі 8 пайыздық тармаққа артып, 70%-дан асқан.
«Қазақстан құрылыс материалдарына деген ішкі сұранысты отандық өнім есебінен қамту үлесін жылдан-жылға арттырып келеді. Дегенмен бұл бағытта әлі де игерілмеген мүмкіндіктер бар. Нарық көлемі 4,2 млрд долларды құрайды, оның шамамен 1,2 млрд доллары импорттық өнімнің үлесіне тиесілі. Қазақстанда өз өнімін өндіруге және өткізуге мүдделі барлық кәсіпкерлерді ынтымақтастыққа шақырамыз», – деді Мұхамед Андаков.
Комитет төрағасының орынбасары халықаралық салалық алаңдар жаңа іскерлік байланыстар орнатуға, келісімдер жасауға және Қазақстанның құрылыс нысандарында заманауи шешімдерді енгізуге тың мүмкіндік беретінін атап өтті.
Биыл KazBuild және Aquatherm Almaty көрмелеріне әлемнің 34 елінен 631 компания қатысып отыр. KazBuild 2026 көрмесінде 27 елден 411 компания өз өнімдері мен технологияларын таныстыруда. Оның 94-і – қазақстандық компания. Ал Aquatherm Almaty алаңында 20 елден келген 220 компания ұсынылған.
Алғашқы күннің басты іс-шараларының бірі – «Жаңа Құрылыс кодексі, салық саясаты және цифрлық реттеу: Қазақстанның құрылыс саласын өзгертетін реформалар» тақырыбындағы пленарлық сессия болды.
Жиында құрылыс саласын реттеудегі негізгі өзгерістер, жаңа Құрылыс кодексін енгізу, салық реформасы, BIM-технологияларға көшу, бақылау мен сараптама жүйесін жетілдіру, кадр мәселесі және жобалау үдерістерін цифрландыру жайы талқыланды. Сондай-ақ жасанды интеллектіні қолдану және бизнестің жаңа талаптарға бейімделу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
KazBuild және Aquatherm Almaty 2026 халықаралық көрмелері Алматы қаласында 2–4 қыркүйек аралығында өтеді. Ауқымды салалық алаңда өндірушілер мен жеткізушілер, құрылыс саласының мамандары, сәулетшілер мен жобалаушылар, девелоперлер, инженерлер, салалық қауымдастықтар мен мемлекеттік органдардың өкілдері бас қосты.