
Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі Тұжырымдамасы аясында «Транспорт тауэр» ғимаратында ISO 50001 халықаралық стандарты бойынша энергия тиімділікті арттыру мен энергияны үнемдеу жүйесін енгізу жөнінде жұмыстар жүргізілуде.
Осыған орай, ҚР ИДМ-де КССМР (USAID) бағдарламасы бойынша шақырылған халықаралық сарапшылар А.Додонов пен В.Беккердің (Ресей) қатысуымен ISO 50001 халықаралық стандартына сай энергия тиімділік пен энергияны үнемдеу саясатын қалыптастыру жөнінде семинар өтті.
ҚР ИДМ энергия үнемдеу бойынша өкілетті орган ретінде аталмыш бағытта үлгі болуға ынталы. Жоба аясында жұмыс тобы құрылып, ғимарат бойынша энергия менеджері белгіленді. Энергия менеджері Нұрғали Амандықовтың айтуынша, жүйені енгізу министрлік қызметкерлеріне қолайлы жағдайлар жасауға, ғимаратты күтіп ұстауда бюджет қаржысын үнемдеуге, ғимараттың энергия тиімділік класын көтеруге және ISO 50001 стандарты бойынша ғимаратты сертификациялауға мүмкіндік береді.
«Транспорт тауэр» ғимаратында энергиялық ресурстарды үнемдеу, сумен, жылумен және электрмен жабдықтау жүйелерін жаңғырту бойынша техникалық шаралар жүргізілді. Қазіргі уақытта энергия ресурстарының шығыны бойынша оң нәтиже бар. Бұл өз кезегінде қаржы үнемдеуге септігін тигізуде. Істелген жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде әріптестерін құлақтандырған Н.Амандықов барлық қызметкерлерді осы процеске белсенді атсалысуға шықырды.


