
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек депутаттарға «Қазақстан мен Азия Даму Банкі арасындағы келісім-хатты ратификациялау туралы» Заң жобасын ұсынды.
«Ұзақтығы 170 шақырым болатын «Шетпе – Ақтау» учаскесін реконструкциялау үшін негізгі қарыз туралы келісімге 2013 жылдың 18 маусымында 371млн.АҚШ доллар ы сомасына қол қойылды және 2013 жылғы 26 желтоқсандағы Заңмен ратификацияланды. Сонымен қатар, іске асыру кезінде қаржы үнемделді. Үкімет үнемделген қаражаттың 73,3 млн.долларын «Жетібай-Жаңаөзен» учаскесін реконструкциялауға жұмсау туралы шешім қабылдады. Ол үшін 2017 жылдың 20 маусымында Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы қосымша Келісім-хатқа қол қойылды»,-деп атап өтті министр.
Заң жобасы депутаттардың қолдауына ие болды. Сонымен қатар министр, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында іске асырылуы тиіс жобаларға да тоқталды.
««Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 11 ірі автожол жобаларын іске асыру көзделген. Олар: «Астана-Алматы», «Астана-Өскемен», «Атырау арқылы Астраханьға шығатын «Астана-Ақтау», «Алматы – Өскемен», «Кызылорда - Павлодар - Успенка – РФ шекарасы», «Астана-Петропавл», «Жетібай-Жаңаөзен», «Астана қ. Оңтүстік Батыс айналма жолы», «Орал - Каменка – РФ шекарасы», «Үшарал – Достық», «Ұзынағаш – Отар». Бұлардың бір бөлігін 1,8 млрд. доллар займ сомасына халықаралық қаржы институттарының қаражаты есебінен іске асыру жоспарлануда»,-деді министр Ж.Қасымбек.
Айта кету керек, Мемлекет басшысы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында Астананы шұғыла қағидаты бойынша тиімді және сапалы көлік қатынасымен макроөңірлерді қосу үшін «Орталық-Оңтүстік», «Орталық-Батыс» және «Орталық-Шығыс» бағытында автожол жобаларын іске асыруға тапсырма берген болатын.