Алматы облысының экспортқа бағдарланған кәсіпорындарын дамыту туралы

Алматы облысының экспортқа бағдарланған кәсіпорындарын дамыту туралы

Бүгінгі таңда облыста экспортқа бағытталған 30-дан астам кәсіпорын өз қызметін жүзеге асыруда. Ағымдағы жылғы қаңтар-мамырда өңдеуші өнеркәсіп экспортының көлемі $129,8 млн. құрады.

2019 жылы өңдеуші өнеркәсіп экспортының көлемі $387,2 млн немесе 2018 жылға қарағанда 114,4% құрады. Қазіргі уақытта облыс кәсіпорындары Ресей, Қытай, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Латвия, Польша, Моңғолия, Украина, Эстония, Әзірбайжан және Панама елдеріне тауар экспорттайды.

Ағымдағы жылы Чехия, Германия елдерінің нарықтарына шығу мүмкіндігі туды. Сондай-ақ жақын арада Канада, Оңтүстік Корея, Греция сияқты елдерге тауарларды экспорттау жоспарлануда.

«QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ арқылы 12 кәсіпорынға («Қайнар АКБ» ЖШС, «Шин-Лайн», «ЖК «Хамле Компани ЛТД», «NUR KAGAZY», «ЮНИЛЮКС», «Kelun-Kazpharm» және т.б.) тауарларды экспортқа шығару бойынша шеккен шығындарының жартысы өтелді.

«Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ ағымдағы жылдың 12 наурызынан бастап экспортты жылжыту бойынша шығындарды өтеу үшін өтінімдер қабылдауда және Бағдарламаға қатысу бойынша кәсіпорындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындары республика деңгейінде, алыс және жақын шет елдерде түрлі халықаралық көрмелерге белсенді қатысуда.

Жалпы, облыста мыңнан астам өнеркәсіп кәсіпорындары жұмыс істейді, оның ішінде 100-ге жуығы ірі және орта кәсіпорындар.