Қазақстанның ұлттық экспорттық стратегиясын жүзеге асыру барысы талқыланды

Қазақстанның ұлттық экспорттық стратегиясын жүзеге асыру барысы талқыланды

Бүгін Инвестиция және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев ҚР Парламент Сенатында «Қазақстан Республикасының экспорттық саясатының негізгі бағыттары мен перспективалары» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел отырысында Қазақстанның экспорттық стратегиясын жүзеге асыру барысы және алдағы жоспарлар жөнінде баяндады.

Вице-министрдің айтуынша, жыл басынан бері Қазақстанның өңделген экспортының артуы байқалды. Мысалы, 2017 жылдың 7 айында өңделген тауарлардың экспорты өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 26,7%-ға артып, 8,7 млрд. АҚШ долларын құрады.

«Бүгінгі күні Қазақстан экспорттаушы 52 елдің қатарына кіреді. Біз уран, ұн, бидай жеткізу бойынша әлемдік көшбасшылар болып табыламыз. Жалпы алғанда өңдеуші сектордың 800-ден астам тауарын 115 елге экспорттаймыз. Біздің экспортымыздың сапалық құрылымы айтарлықтай жақсарды. Шетелде ұсынылатын өнімдердің үштен бірі экономиканың шикізаттық емес секторына тиесілі», - деді Тимур Тоқтабаев өз баяндамасында.

Баяндамада көрсетілгендей, қазіргі уақытта экспорттаушыларды қолдау ДСҰ және ЕЭА ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады. Атап айтқанда, бұл шаралар ақпараттық-талдамалық қолдауды, сыртқы нарықтарға тауарларды ілгерілету жөніндегі іс-шараларды, қаржылық қолдау және экспорттық әлеуетті арттыру жөніндегі шараларды қамтиды.

Сонымен қатар, ҚР ИДМ жаңа ұлттық экспорттық стратегиясы аясында экспортты ынталандыру мақсатында екі бағытты жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бірінші - қаржылық қолдау шаралары. Бұл экспорттаушыларға арналған сақтандыруды қолдау құралдарының кең спектрі, оның ішінде қазақстандық өнімдерді импорттаушы, банк кепілдіктерін сақтандыру, экспорттау алдындағы және экспорттық саудалық қаржыландыруды төлемеу тәуекелдерінен экспорттық келісімшарттарды сақтандыруды қамтиды. Екінші - қаржылық емес қолдау шаралары. Оған сыртқы өткізу нарықтарына талдау жүргізу; экспортқа тауарлар мен қызметтерді жылжыту бойынша оқыту және консультация беру; отандық өнімдерді ілгерілету бойынша сауда миссияларын және жарнамалық-таныстыру іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу жатады.