Бозшакөлдегі 1 қызметкердің еңбек өнімділігі басқа балама өндірістерге қарағанда 8 есе жоғары

Бозшакөлдегі 1 қызметкердің еңбек өнімділігі басқа балама өндірістерге қарағанда 8 есе жоғары

KAZ Minerals компаниясы Бозшакөл және Ақтоғай тау-кен байыту кешендерін игерудің алдыңғы қатарлы нысандарын іске қосты.

Аталмыш өндірістер байыту фабрикасының автоматтандырылған басқару жүйесі, карьерлік жағдайдың жоғары дәлділік мониторингі жүйесі сияқты 4.0 технология базасы негізінде жұмыс істеуде. Бұл туралы Үкімет отырысында тау-кен өндіру өнеркәсібі, көлік және логистика салаларында цифрландыру технологиясын қолдану мәселелері жөнінде баяндама жасаған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты.

«Нәтижесінде, компания Бозшакөлдегі бір қызметкердің ең жоғары еңбек өнімділігі көрсеткіштеріне - 105,7 млн. теңге (308 мың долл.) қол жеткізді. Бұл Қазақстан Республикасындағы басқа балама өндірістерге қарағанда 8 есе жоғары. Тағы «Алтынтау Көкшетау» АҚ-ның алтын кен орнын мысалға келтіруге болады. Онда онлайн-режимде және индустриалды интернетте карьерлерді бақылау жүйесі іске қосылған. Бұл жүйелер еңбек өнімділігін 25%-ға арттыруға мүмкіндік берді», - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Қазіргі уақытта жүйелік маңызы бар кәсіпорындарда жалпы құны 140 миллиард теңгені құрайтын Индустрия 4.0 элементтерін іске қосқан 14 жоба жүзеге асырылуда.

Бұл жобалардан бөлек, Kazzinc - «Полиметалл Жайрем» ЖШС-де құны 100 млрд.теңге болатын жаңа өндіріс құрылуда. Онда цифрлық технологияларды кеңінен қолдану мүмкіндіктері қарастырылған (интернет-материалдары, қашықтан мониторинг, модельдеу және т.б.).

Министрдің айтуынша, тек 14 жоба бойынша 2018 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңде жалпы экономикалық тиімділік  шамамен 280 млрд. теңгені құрайды.

Сондай-ақ, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі көлік ағынын тиімді басқару үшін жол құрылысы мен әуе тасымалын, тасымал қауіпсіздігін және қозғалыс жылдамдығын арттыруда бірқатар жүйелерді  құру бойынша белсенді жұмыстар жүргізуде (Интеллектуалды көлік жүйесі, жолдарды пайдалану ақысын жинауды автоматтандыру үшін техникалық шешімдер кешені, жолдарды басқару жүйесі, «E-freight» әуе жүк тасымалдау саласындағы электрондық құжаттарды басқарудың ақпараттық жүйесі, сондай-ақ әуе жолаушылар туралы мәліметтерді жинау және өңдеу).