
Бүгін Астанадағы «Көрме» орталығында 21-ші «Көлік және логистика» - TransKazakhstan / Translogistica 2017 халықаралық көрмесі ашылды. Бұл Орталық Азиядағы көлік-логистикалық қызметтер мен технологиялардың ең ірі көрмесі болып есептеледі. Көрмені Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр ашты. Вице-министр құттықтау сөзінде көрмедегі жан-жақты іскерлік қарым-қатынас қазіргі экономикалық жағдайда көлік саласының проблемаларын шешудің практикалық жолдарын талқылауға мүмкіндік береді, деп атап өтті.
TransKazakhstan / Translogistica 2017 көлік және экспедиторлық қызметтерден бастап, тауарларды сақтауға және өңдеуге арналған бағдарламалық қамтамасыз ету мен жабдықтарға дейінгі толық кешенді салалық шешімдерді көрсетеді.
Көрмеге Қазақстан, Ресей, Белоруссия, Украина, Қытай, Латвия, Литва, Эстония, Әзірбайжан, Финляндиядан келген компаниялар қатысуда. Сонымен қатар, отандық компаниялардың экспозициялары көрме алаңының 35% -ын қамтып отыр.
Көрме «Жаңа Еуразия: еуроазиялық трансконтинентальды маршруттардағы көліктік-логистикалық жүйелерді дамыту» тақырыбында XII халықаралық «Транс Еуразия-2017» конференциясы аясында өтіп жатыр.








