
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев а.ж. 8 қазанында «Жылыту маусымының басталуы туралы» тақырыбындағы Үкімет отырысында баяндама жасады.
«Республика бойынша алдағы жылыту маусымына шамамен 12 мың автономды қазандық дайындық жұмыстарынан өтті. Автономды қазандықтар қажетті көмірмен 93%, мазутпен 99% және дизель отынымен 90% қамтамасыз етілді», – деді Министр.
Бүгінгі күні білім беру және денсаулық сақтау нысандары мен тұрғын үйлер жылыту маусымына толықтай дайын.
Коммуналдық тұрмыстық қажеттілікке және халықтың пайдалануына арналған көмірге қажет-тілік 8,2 млн тоннаны құрайды. Жылыту маусымы басталғаннан бері шамамен 3 млн. тонна жеткізілді.
Қанат Шарлапаев бүгінгі таңда еліміздің көмір тұйықтарындағы түрлі маркадағы отын қоры шамамен 577 мың тоннаны құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 мың тоннаға артық екенін атап өтті.
Жалпы, Министрлік тарапынан өңірлерді көмірмен қамтамасыз ету бойынша тұрақты мониторингі жүргізілуде. Қазақстан темір жолы мен көмір өндіруші кәсіпорындар көмірдің қажетті көлемін жеткізуге дайын.
Әлеуметтік көмірдің елден тыс жерлерге кетуін болдырмау мақсатында көмір экспортына лицензия беруді көздейтін Үкімет Қаулысы қабылданды.
Бұдан бөлек, делдалдардың жұмысын болдырмау мақсатында, көмірді сатуды биржаға шығару бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде жылыту маусымы басталып, халық тарапынан көмір сатып алу белсенді түрде жүріп жатыр. Ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде, халықтың көмірді сатып алуы бойынша, ақпараттандыру жұмыстарын белсендету қажет.
Барлық өңірлерде жылыту маусымы жоспарға сәйкес басталуда және жөндеу жұмыстары жылу беру басталғанға дейін аяқталатын болады.