
2020 жылғы 5 тамызда ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскембаевтың, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержановтың және ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақовтың қатысуымен «Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру» тақырыбында баспасөз мәслихаты болып өтті.
Қайырбек Өскембаев атап өткендей, "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында бюджеттік инвестициялар есебінен 611 млрд. теңгеге 937 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда. Оның ішінде 34 мыңнан астам тұрғын үй (2 млн.шаршы метр) салу және сатып алу, сондай-ақ жаппай тұрғын үй құрылысы салынатын аудандарда 2,5 мың шақырым инженерлік желі салу жоспарланған.
Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін бағдарлама аясында 315 жоба іске асырылып жатыр. Жыл қорытындысы бойынша 5 мың шақырымнан астам инженерлік желі салу және қайта жаңарту жоспарлануда. Бұл сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етудің республикалық көрсеткішін 93,2%, оның ішінде қалаларда - 97,5%, ауылдарда-87,7% дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ бірінші вице-министр отандық құрылыс индустриясын дамытуды қолдау және жергілікті мазмұндағы өнімдерді пайдалануды бақылау шаралары туралы баяндады. «Бүгінгі таңда тұрғын үй және өндірістік ғимараттар, әлеуметтік объектілер мен инфрақұрылымдық жобаларды салу кезінде құрылыс саласында негізгі материалдарға деген сұраныс 934 млрд. теңгені құрайды. Отандық кәсіпорындар 586 мдрд. теңгеге құрылыс материалдарын өндірсе, 348 млд. теңгеге импортталады. Нарықтың сұранысын қамтамасыз ету үшін 33 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде 8 жоба - импортты алмастыру жобалалары. Аталған жобалар іске асырылғаннан кейін импорт үлесі 15% төмендеп, тұрғын үй құрылысындағы қазақстандық мазмұндағы өнімдерді пайдалану 90% жетеді»,-деді Қ. Өскембаев.
Өнеркәсіптік салада атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов айтып берді.
Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің өсімі 4,8% (5,8 трлн. теңге) құрады. Өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,1% ұлғайып, 373,1 млрд. теңгені құрады.
Индустрияландыру картасы аясында, ағымдағы жылдың соңына дейін 17 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын құрылып, 1,1 трлн. теңгеге 160 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша шамамен 900 жұмыс орны құрылып, жалпы құны 23,7 млрд. теңгеге 4 жоба іске қосылды.
Сонымен қатар, пандемия кезінде жеке қорғаныс құралдарына сұраныстың артуына байланысты осы бағытта 4 жаңа жоба іске қосылды, бұлар - «Bizhon» (Бижон) ЖШС және зарарсыздандыру құралдарын шығаратын 3 жаңа кәсіпорын «Топан» ЖШС, «SARI SUPPLIERS» (Сари суплайерс) ЖШС, «НеоХимТех» ЖК.
Мемлекеттік сатып алу мен сатып алудағы жергілікті қамту үлесін арттыру мақсатында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Министрлік жанынан құрамына орталық және жергілікті атқарушы органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» және салалық қауымдастықтардың өкілдері енгізілген жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы ай сайын жергілікті қамту мониторингін жүргізеді. Бүгінде жоғары импортқа тәуелділік өңдеу өнеркәсібінде байқалады. Аталған салаларда жергілікті қамту үлесін арттыру мақсатында жалпы сомасы 1,6 трлн. теңгеге 73 жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл өз кезегінде өңдеу өнеркәсібінің импортын 2025 жылға қарай 20% азайтады.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы сомасы 5,5 триллион теңгені құрайтын 112 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру қарастырылған. Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов атап өткендей, алдағы 6 жылда республикалық желінің 10 мың шақырым автожолын салу және қайта жаңғырту, 11 мың шақырым жолды күрделі және орташа жөндеу жоспарланып отыр. «Бағдарламаны іске асыру республикалық маңыздағы автожолдарда жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 100% жеткізуге, І және ІІ техникалық санаттағы жолдаор ұзындығын 60%, ақылы жолдар үлесін 45% жеткізіп, жол бойындағы сервис объектілерімен 100% қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,-деді төраға.
2020 жыл - жаңа бағдарламаны іске асырудың алғашқы жылы. Биыл автожол саласында республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың 9,8 мың шақырымы жөнделеді. Жалпы жол-құрылыс жұмыстарына 200 мыңдай адам тартылып, олардың 100 мыңдайы - аралас салалардан, материалдарды, жанар-жағармайды, қосалқы бөлшектерді және т.б. өндірушілер мен жеткізушілер. Ағымдағы жылы 2,6 мың шақырым жол учаскесінде қозғалыс ашылады.
Мемлекеттік бағдарлама аясында 2 паром және 4 құрғақ жүк таситын кеме сатып алу көзделген. Бұл жүк тасымалы көлемін әрі қарай арттыруға, Каспий теңізіндегі қазақстандық флот үлесін 42% арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, апаттық жағдайларды 10,3% төмендетіп, шлюздердің өткізу мүмкіндігін жылына 4000 кемеге жеткізу үшін кеме жүзетін шлюздерді күрделі жөндеу жоспарланған.
Жалпы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2020 жылға:
- республикалық маңызы бар автожолдардың 89%, облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың 71% жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізу;
- өзін-өзі ақтайтын ақылы жолдар ұзындығын 682 шақырымнан 5,7 мың шақырымға дейін ұлғайту;
- автожолдарды Ұлттық стандартқа сай келетін жол сервисі объектілерімен қамтамасыз етуді 49%-дан 58% дейін жеткізу;
- теміржол көлігімен транзиттік тасымал көлемін 19% арттырып, 20,9 млн. тоннаға (2019 жылы 17,5 млн. тонна) жеткізу;
- контейнерлер транзитін 842 мың ЖФБ дейін (2019 жылы – 664 мың ЖФБ) ұлғайту;
- әуе көлігімен тасымалданатын жолаушылар санын 9,1 млн. адамға жеткізу жоспарланған.