
2017 жылдың 6 қарашасында Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінде (бұдан әрі - Департамент) «Мемлекеттік қызмет алушылардың толық ақпараттандыру деңгейін және заңдылық мәдениетін жоғарылату» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Аталған іс-шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Атырау облыстық ақпараттық технологиялар орталығының өкілдері, сонымен қатар мемлекеттік қызметті тікелей алушылар және Департамент қызметкерлері қатысты.
Дөңгелек үстелдің мақсаты Департаменттің «Мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша қызметі тиімділігінің көрсеткіштерін жақсарту жөнініндегі 2017 жылдың 2 жартыжылдығына арналған іс-шаралар жоспарын» жүзеге асыру, сондай-ақ халық арасында «электрондық үкімет» порталы және «электрондық лицензиялау» порталы арқылы мемлекеттік электрондық қызметтерді, яғни Департаментте көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді, атап айтқанда: «Қауіпті өндірістік объектілерді салуға, кеңейтуге, реконструкциялауға, жаңғыртуға, консервациялауға және жоюға арналған жобалау құжаттамасын келісу» және «Жарылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсаттар беру» қызметтерін алуды көпшілікке тарату.
Департамент басшысының орынбасары Абулхаиров Арман Мирасович кіріспе сөз сөйлеп дөгелек үстелді ашты.
Департаменттің әкімшілік қаржылық жұмыс бөлімінің бас маманы Сарбалина Сауле Тлектесовна «Департаменттің өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы көрсетілген мемлекеттік қызметтері туралы» тақырыбында және Департаменттің теңізде мұнай операцияларын жүргізуге өнеркәсіптік қауіпсіздікті мемлекеттік қадағалау бөлімінің басшысы Алиев Нурлан Бауржанович «Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы көрсетілетін қызметтерді электронды түрде алудың артықшылықтары» тақырыбында баяндама сөз сөйледі.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің өкілі Кенженов Ғалым Есенжанұлы «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнама талаптары және тәжірибедегі проблемалық мәселелер» тақырыбында баяндама сөз сөйледі.
Дөңгелек үстел барысында тиісті бағыт бойынша қойылған сұрақтарға жауаптар беріліп, қызмет алушыларға мемлекеттік қызметті алу реті бойынша брошюралар таратылды.



