Индустрияландыру бағдарламасы аясында жаңарған зауыт өнімін екі есеге ұлғайтты

Индустрияландыру бағдарламасы аясында жаңарған зауыт өнімін екі есеге ұлғайтты

Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев аймақтағы ірі стратегиялық кәсіпорындарды аралады. ҚР Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырылған зауыттардың бірі минералды тыңайтқыш өндіретін«Қазфосфат» ЖШС-де болды.

Химиялық зауыт ауыл шаруашылығы үшін фторсыздандырылған минералды тыңайтқыш шығарады. Бақытжан Сағынтаевқа өндірістің қазіргі көрсеткіштері мен экспорт көлемін ұлғайту жөнінде есеп берілді.

«Казфосфат» ЖШС-нің бас директоры Мұқаш Ескендіров 2016 жылы зауытты қайта жабдықтау 2017 жылдың өндіріс көлемін екі есеге ұлғайтуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Сондай-ақ, 2017 жылы 300 мың тонна фосфорлы минералды тыңайтқыш өндіріліп, оның 108 мың тоннасы Қазақстанның сұранысын 100% қамтамасыз еткенін айтты.

Шамамен 200 мың тонна өнім Қытай, Ауғанстан, Ресей, Украина, Уругвай, Аргентина елдеріне экспортталады. Румыния, Чехия, Болгария, Иран нарықтарын игеру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Келесі жылға фосфорлы минералды тыңайтқыштың өндіріс көлемін 500 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда.