2017 жылдың 9 айында өңделген тауар экспорты 22%-ға өсіп, 11,1 млрд. АҚШ долларын құрады

2017 жылдың 9 айында өңделген тауар экспорты 22%-ға өсіп, 11,1 млрд. АҚШ долларын құрады

Қазақстан ірі экспорттаушы елдер арасында 52 орынды иеленеді. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында мәлімдеді.

«Біз әлемнің 113 еліне өңдеу секторының 800-ден астам тауарын экспорттаймыз. Уран, мыс, титан, ферроқорытпа, сары фосфор, ұн, мақта майын, бидай, зығыр тұқымын жеткізуде әлемдік көшбасшы ел болып есептелеміз. Соңғы 5 жылда экспорттың сапалық құрылымы едәуір жақсарды. Ал, экспортталатын тауарлардың үштен бірі экономиканың шикізаттық емес секторына тиесілі»,-деді министр.

2017 жылдың 9 айында өңделген тауар экспорты 22%-ға өсіп,  11,1 млрд. АҚШ долларын құрады.

«Ферроқорытпаларды, мұнай өнімдерін, мыс, прокат, пропан мен бутан, мырыш жеткізілімдері артты. Экспорттың жалпы көлеміндегі өңделген тауарлардың үлесі 32%-ды құрайды. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 7%-ға жоғары (2010 жылмен салыстырғанда 4% -ға көп - бұл ИИДМБ-н іске асырудың басы)»,-деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Анықтама:

2017 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша сауда айналым көлемі 26% артып, 55,4 млрд. АҚШ долларын құрады. Энергияның жоғары бағалары мен металлургиялық өнімдердің экспорты 31 пайызға артып, 34,5 миллиард долларға жетті, ал тоннаж экспорты 4 пайызға артты.

Министрдің дерегі бойынша, Қазақстан электровоздар мен локомотивтерді Түрікменстанға, Тәжікстанға, Әзербайжанға, Қырғызстанға және Украинаға экспорттайды. Қазақстанда жиналған автокөліктер Тәжікстанға, Өзбекстанға, Қырғызстанға, Қытайға экспортталады. Жеңіл автомобильдерді, рельстерді және қазақстандық өндірістің әскери-өнеркәсіп кешенінің өнімдерін экспортқа шығару бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Отандық өндірістің трансформаторларын жеткізу көлемі 60%-ға өсті. Экспорт көлемі 21 миллион АҚШ долларын құрады. Орал трансформатор зауыты жаңадан шығарған өнімдерінің 96%-ын шетелге шығарады. Сондай-ақ, аккумулятор экспортын 1,2 млн. данаға дейін арттырылуда. Бұл шамамен 35 млн. АҚШ доллары.  Аккумуляторлар Таяу Шығысқа, Кавказға және Белоруссияға экспортталды»,-деді ҚР Инвестициялар және даму министрі.

Фото мұрағаттан алынды.