
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында ҚР ӨҚМ Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаков Қазақстандағы 2023 және 2024 жылғы құрылыс материалдарын өндірудегі басты жетістіктер туралы айтты.
«Қазақстанда құрылыс материалдарының өндірісі соңғы жылдары айтарлықтай өсуді көрсетіп отыр, бұл құрылыс саласының тұрақты дамуына және импортқа тәуелділіктің төмендеуіне ықпал етеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша құрылыс саласындағы отандық тауар өндірушілердің үлесі – 68%, ал импорттық тауардың үлесі 32% құрады», – деді Мұхамед Андаков.
2023 жылы Қазақстан ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете отырып, 11,7 млн тонна цемент өндіріп, Өзбекстанға, Қырғызстанға және Ресейге өнім экспорттады. Ішкі нарықта тауарлық бетонды тұтыну 19,3 млн тоннаны құрады, бұл да отандық өндіріспен толық қамтылған. Сонымен қатар, жылу оқшаулағыш материалдар өндірісінің көлемі ішкі сұраныс бойынша 154 мың тоннаға 91 мың тоннаға жетті, бұл жалпы тұтынудың 48%-ын құрайды.
2023 жылы құрылыс материалдарының импорты 1 176,1 миллион АҚШ долларын құрады. Негізгі жеткізуші елдер Ресей, Қытай және Өзбекстан болды. 2024 жылдың алғашқы үш айында импорт 232,2 миллион АҚШ долларын құрады.
Құрылыс материалдарының экспорты соңғы екі жылда айтарлықтай өсіп, 2023 жылы 242,7 млн АҚШ долларына жетті. Негізгі экспортталатын тауарлар – портландцемент, керамикалық кірпіш және қож.
Төраға орынбасары биылғы жылға жоспарлармен де бөлісті. 2024 жылы жалпы құны 302 млрд теңге болатын 44 жобаны іске асыру жоспарланып отыр, бұл 3038 жаңа жұмыс орнын ашады. Маңызды жобалардың ішінде керамикалық плиткалар, жылу оқшаулағыш материалдар мен цемент шығаратын зауыттарды атап өтуге болады.
2029 жылға дейін құрылыс материалдарын өндіру бойынша 170 жобаны іске қосу жоспарлануда, бұл импортқа тәуелділікті азайтуға және отандық кәсіпорындардың үлесін 85% - ға дейін арттыруға көмектеседі.
Өңдеу өнеркәсібін дамытуға жәрдемдесу үшін мемлекет өнеркәсіпті дамыту қоры, Қазақстанның Даму Банкі және QIC қоры арқылы қаржылық қолдау көрсетеді. Бұл шаралар кәсіпорындарды жаңғыртуға және еңбек өнімділігін арттыруға және саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.