Қазақстанның қауіпті өндірістік нысандарындағы апаттар 21%-ға төмендеді

Қазақстанның қауіпті өндірістік нысандарындағы апаттар 21%-ға төмендеді

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

Оның айтуынша, соңғы жылдардағы талдау қауіпті өндірістік нысандардағы апатсыз жұмыстардың оң динамикасы бар екенін көрсетеді.

«2016 жылғы апаттардың саны 2008 жылмен салыстырғанда 60 %-ға (58-ден 23 аварияға) азайды, апат салдарынан зардап шеккендер саны 4 есеге (102 адамнан 28 адамға) төмендеді. Биыл 10 айы ішінде республиканың қауіпті өндірістік нысандарында 11 апат болды. 2016 жылдың дәл осы кезеңінде 14 апат болған (21% төмендеу). Апат салдарынан 12 адам зардап шексе, 4 адам қаза тапқан»,-деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді бағалау жүйесін енгізу арқылы апаттардың санын азайтуға қол жеткізілді.

Кесте бойынша тексеру тек тәуекелі жоғары нысандарға жүргізіледі.

Министрдің дерегі бойынша 2017 жылдың 10 айында 1558 тексеру жүргізілген. Олардың ішінде кестеге сәйкес – 923, жоспардан тыс – 635 тексеру жүргізілген. Тексеру барысында 40 мыңнан астам жұмыс тәртібін бұзушылық анықталды. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп тұрған 880 қауіпті өндірістік нысан тоқтатылды. 124,5 млн. теңгеден аса соманың 1821 айыппұлы салынған.

Бұдан бөлек, министрлік өнеркәсіп қауіпсіздігі саласында құқықтық нормативтік базаны жетілдіру жұмыстарын жүргізеді.

Рұқсат беру жүйесін реформалау аясында жүзден аса рұқсат беру ресімі қысқартылды. Қабылданған шаралар әкімшілік жүктемені азайтып, бизнесті жүргізуге оң әсер етті.

«Алайда, Министрлік жүргізген жұмысқа және қауіпті өндірістік нысандардағы апаттардың төмендеуіне қарамастан, биыл 10 айдағы 11 апат пен 4 адамның қаза табуы жағымсыз көрсеткіш екенін мойындау керек. АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Қазақстан» шахтасында көмір мен газдың шығарындысы болды. Соның салдарынан 6 адам зардап шекті, соның ішінде 3 адам қаза тапты. «Богатырь-Көмір» ЖШС-ның «Богатырь» разрезінің  дренажды шахтасында газ-ауа қоспасы тұтанып, апат салдарынан 3 адам зардап шекті. «Ғимарат» ЖШС-нің мұнай базасында мұнай өнімдері тұтанып, салдарынан 2 адам зардап шекті, 1 адам қаза тапты»,-деді министр.

Барлық апатты оқиғалар бойынша тексеру жүргізіліп, себептері анықталды. Сондай-ақ, апаттардың салдарын жою іс-шаралары әзірленіп, орындалуы бақылауға алынды.

Фото мұрағаттан алынды.