
ЕАЭО-ның "құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентінің жобасын әзірлеу шеңберінде ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Андаков Мұхамед Задинович бастаған жұмыс тобы Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласына іс-сапармен барды. Негізгі мақсат құрылыс материалдары мен бұйымдарының жарамдылығын растау рәсімі бойынша сынақтар жүргізетін зертханалар жұмысымен танысу.
Іс сапардың алғашқы күнінде мамандар «Строительство» ғылыми-зерттеу сынақ орталығы» АҚ зертханасына, "Ұлттық зерттеу Мәскеу мемлекеттік құрылыс университеті" федералды мемлекеттік бюджеттік жоғары білім беру мекемесінің құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын сынау зертханасына барды. Ресейлік ғалымдар «Жарамдылығын растау рәсімінен өтуді ескере отырып, «Строительство» ҒЗО-да сынақтар жүргізу практикасы» тақырыбында тәжірибелерімен бөлісті.
Қазақстан Республикасының және Беларусь Республикасының мемлекеттік органдары, "Атамекен" ҰКП, Қазақстан Республикасының Құрылыс материалдары қауымдастығы өкілдері мен өндірушілері қатысқан шараның бірінші күні саладағы негізгі мәселелерді талқылауға бағытталған дөңгелек үстелмен қортындыланды.