2020 жылғы 27 мамырда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Мәжілістің пленарлық отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бойынша баяндама жасады.
Заң жобасы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама нормаларын жетілдіру, қауіпті объектілерде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалауды іске асыру тиімділігін арттыруға, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыс істеуге тартылатын аттестатталған және апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша қызмет көрсететін ұйымдар қызметін реттеуге бағытталған.
Заң жобасымен мыналар көзделген:
- Кәсіпорындарда өндірістік бақылау рөлін арттыру мақсатында өндірістік бақылау қызметтерінің лауазымды тұлғалары қызметін регламенттеу және олардың мәртебесін күшейту ұсынылады. Атап айтқанда, ұйымның лауазымды тұлғаларын қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін, талаптарды бұза отырып жүзеге асырылатын жұмыстарды тоқтата тұру өкілеттігімен өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйін тексеруді ұйымдастыру, жүргізу және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін адамдарды жұмыстан шеттету құқығын беру ұсынылады.
- Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестатталған ұйымдардың және апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу жөніндегі қызметтерді ұсынатын ұйымдардың қызметін реттеу үшін заң жобасында осы ұйымдарға қадағалауды жүзеге асыру көзделеді. Бұл норма 2018 жылы кәсіби апаттық-құтқару қызметін аттестаттау рәсімін алынып тасталуына және «Азаматтық қорғау туралы» Заңында өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы аттестатталған ұйымдардың қызметін реттейтін сұрақтардың болмауына байланысты ұсынылады.
Бұдан басқа, қауіпті өндірістік объектілерде тау-кен құтқару, газдан құтқару, бұрқаққа қарсы жұмыстарды жүргізу сияқты өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кәсіби апаттық-құтқару қызметінің негізгі белгілерін регламенттеу және оларға қойылатын талаптарды белгілеу ұсынылады.
- Құқықтық бос кеңiстiктi жою үшін заң жобасымен қауіпті өндірістік объектілерде жұмыс жүргізудің ерекшеліктері мен спецификасын егжей-тегжейлі көрсететін туынды нормативтік құқықтық актілер әзірлеу және бекіту жөніндегі өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органына өкілеттілік беру көзделеді, бұл өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін едәуір арттырады. Атап айтқанда, қызмет ету мерзімі өтіп кеткен лифтілердің, қысыммен жұмыс істейтін ыдыстардың одан әрі пайдалану мүмкіндігін анықтау мақсатында техникалық жай-күйіне тексеру жүргізу бойынша нұсқауларды бекіту ұсынылады.
- Қауіпті өндірістік объектіде апаттар мен оқиғаларды тергеп-тексеруді жүргізудің бірыңғай тәртібін белгілеу үшін оларды тергеп-тексеру жөніндегі комиссия өкілеттіктерін, оларды құру тәртібін, нәтижелерін ресімдеуді және ұйымдардың тергеп-тексерулер жүргізілгеннен кейін іс-қимылдарын нақтылау ұсынылады.
- Заң жобасы сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және құқықтық олқылықтар мен коллизияларды жоюға бағытталған. Ол қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінен азаматтардың қорғалу деңгейін арттыруға, қауіпті өндірістік объектілердегі жарақаттану деңгейін төмендетуге, апат нәтижесінде үшінші тұлғаларға зиян келтіру ықтималдығын төмендетуге, қауіпті өндірістік объектілерде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Заң жобасын қабылдау мемлекеттік бюджет қаражатынан қосымша қаржылық шығындарға әкелмейді.