ЕЭК Кеңесі өнеркәсіп саясатын жүзеге асыру шаралары бойынша бірқатар шешім қабылдады

ЕЭК Кеңесі өнеркәсіп саясатын жүзеге асыру шаралары бойынша бірқатар шешім қабылдады

Мәскеу қаласында Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің кезекті отырысы өтті.

ЕЭК Кеңесінің күн тәртібіне 34 мәселе шығарылды. Оның ішінде 20 мәселе ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің құзыретіне кіреді. ЕЭК Кеңес отырысында өнеркәсіп саласы бойынша мемлекетаралық бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу, қаржыландыру және іске асыру ережесі, өнеркәсіптік саясат шараларын жүргізу барысында сезімтал тауарларға қатысты міндеттемелерді ЕАЭО мүше мемлекеттерінің  орындауы туралы, ЕАЭО мүше мемлекеттерінің кәсіпорындарына жүйелі монторинг жүргізу ережесі және ЕАЭО мүше мемлекеттерінің басым салаларында бірлесіп өндірілген тауарларды үшінші елдердің нарығына шығару шаралары туралы шешімдер мақұлданды.

ЕЭК Кеңесі 2018 жылғы 1 қаңтарынан бастап 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін, атап айтқанда, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ үшін титан құймаларын өндіруге арналған, Қазақстан Республикасының ванадий-алюминий лигатурасын импорттауға тарифтік артықшылық беру туралы шешім қабылдады. Қорытпалар мен құймалар және плиталар жылына 300 тоннадан аспайтын мөлшерде импортталады.

Бұдан бөлек, кедендік баждар мен салықтардан толық босатылған уақытша әкелу тәртібімен бекітілген азаматтық жүк әуе кемелеріне қатысты қазақстандық тараптың ұсынысы қолдау тапты және ЕЭК Кеңесінің шешімі қабылданды. 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін уақытша әкелудің кедендік рәсімімен реттелген жағдайда, максималды ұшу салмағы 175,000 және 200,000 кг Airbus 330F типіндегі, ең жоғары ұшу салмағы 233,000 - 250,000 кг аралығында болатын Boeing 767F типіндегі ұшағын толық шартты түрде босатудың максималды мерзімі 12 жылға дейін артты.