Биыл Қазақстанның теңіз көлігі саласына бірқатар өзгерістер енгізілді

Биыл Қазақстанның теңіз көлігі саласына бірқатар өзгерістер енгізілді

ҚР ИДМ Көлік комитетінде Халықаралық теңіз ұйымы (IMO, әрі қарай - ИМО) міндетті аудитінің қорытындылары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтылды. ИМО аудиті 2017 жылдың қаңтар айында өткізілген болатын. Аудиттан кейін мамандар Қазақстанның теңіз көлігі саласын дамыту бойынша ұсынымдар берді.

ИМО аудиті теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, теңізді қорғау, отандық теңізшілерді даярлау, мойындалған білікті қоғамдық ұйымдармен іс-қимыл жасасу, навигациялық және гидрографиялық қамтамасыз ету және теңіз апаттарына тергеу жүргізу мәселелерін көтерді.

Комитетте мамыр айында ҚР Экологиялық кодексіне кемелерден мұнай мен зиянды заттарды және құрамында зиянды заттар бар сұйықтықтарды, қоқыстарды тастауға тыйым салуға, сонымен қатар, ҚР аймақтық теңіз бөлігінде қос корпусты танкерлерді пайдалану қажеттілігіне қатысты енгізілген түзетулер қабылданғаны айтылды.

Порттың теңіз әкімшілігі инспекторларының біліктілігін арттыру мақсатында сәуір айында ИМО сарапшыларының қатысуымен тәжірибелік семинар өткізілді. Бұдан бөлек, Қазақстан-Британия техникалық университеті жанындағы Қазақстан теңіз академиясының негізінде қыркүйек айында мемлекеттік порт пен туға бақылау жүргізу жөнінде курстар ұйымдастырылды. 

ИМО сарапшыларының ұсынымдарына сәйкес, 2017 жылдың екінші жарты жылдығында кәсіби дипломның жаңа үлгілері, оны растау және теңізшілерге диплом беру ережелері қабылданды.

Сондай-ақ, теңізшілерді медициналық байқаудан өткізу тәртібі, мамандарды даярлау куәліктерінің үлгілері, кеме экипажының төменгі құрамына қойылатын талаптар, оқу ұйымдары мен оқу және жаттығу құрылғылары бар орталықтарды куәландыруға қатысты ведомстволық нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізілді.