
2017 жылдың қорытындысы бойынша тұрғын үй құрылысына 979,8 млрд. теңге инвестиция жасалды. Бұл 2016 жылдың деңгейінен 18%-ға жоғары. Жеке инвестициялардың үлесі 825,8 млрд. теңгені немесе жалпы көлемнің 84,3%-ын, мемлекеттік инвестиция 154 млрд. теңге немесе жалпы көлемнің 15,7%-ын құрады.
«11,2 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ол 2016 жылдың деңгейден 6,2%-ға артық. Жылдық жоспарға орай жалпы тұрғын үйлерді пайдалануға беру 111%-ға орындалды (жоспар 10,1 млн. шаршы метр болатын). Барлығы 100,8 мың баспана салынды. Оның ішінде жеке сектор есебінен 75,8 мың пәтер немесе жалпы көлемнің 75%-ы, мемлекеттік инвестиция есебінен 25 мың пәтер тапсырылды»,-деді Үкімет отырысында баяндама жасаған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.
Тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша алдыңғы қатарда Астана (2,4 млн. шаршы метр) мен Алматы (1,9 млн. шаршы метр) қалалары, Маңғыстау (833 мың шаршы метр) мен Ақтөбе (792,3 мың шаршы метр) облыстары тұр. Батыс Қазақстан (42,4 %), Оңтүстік Қазақстан (36,2 %), Қостанай (35,9 %) және Павлодар (31,2 %) облыстарында тұрғын үйлерді тапсырудың айтарлықтай өсімі байқалады.
««Нұрлы жер» бағдарламасының бірінші бағыты аясында 2017 жылы өңірлерде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 5391 пәтердің (288,7 мың шаршы метр) құрылысы басталды. Оның ішіндегі 2 620 пәтер (146,5 мың шаршы метр) пайдалануға берілді»,-деді Жеңіс Қасымбек.
Биыл Бағдарламаның осы бағыты бойынша 184,5 мың шаршы метр тұрғын үйдің немесем 3507 пәтердің құрылысы жоспарланған.