
Бүгін Астанада ҚР Премьер-Министрінің Бірініші орынбасары Асқар Маминнің төрағалығымен көлік-логистикалық инфрақұрылым тиімділігін арттыру мәселелеріне арналған Республикалық кеңес өтті.
Іс-шараға отандық және шетелдік көлік-логистикалық ұйымдардың, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Кеңес барысында автожол инфрақұрылымын, транзиттік тасымал мен көліктік логистиканы, сондай-ақ, жергілікті автожол желілерін дамыту мәселелері, қазақстандық өнімдерді тасымалдауды қамтамасыз ету, соның ішінде экспортқа шығару, азаматтық авиация саласын дамыту мәселелері де талқыланды.
«Бүгінгі таңда еліміздің жалпы ішкі өніміндегі көлік саласының үлесі 8%-дан асады. 2017 жылдың соңында Қазақстан экономикасы 4% -ға өсті. Ал, көлік саласы 4,8% өсім көрсеткішімен негізгі драйверлердің бірі болды»,-деп атап өтті ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары.
ҚР Премьер-Министрінің Бірініші орынбасары Асқар Мамин Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауын іске асырудағы көлік және логистика саласының негізгі міндеттерін атап өтті.
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, 2010 жылы елдің жалпы ішкі өніміндегі көлік секторының үлесі 8% -дың үстінде болды.
Соңғы 10 жылда инфрақұрылымды, көліктік-логистикалық активтерді және біліктілікті дамытуға салынған инвестицияның жалпы көлемі шамамен 30 млрд. АҚШ долларын құрады.
Осы кезеңде 2 мың шақырымнан астам темір жол салынды, 6,3 мың шақырым автомобиль жолы реконструкцияланды, Каспийдегі порттардың қуаты 26 млн. тоннаға дейін артты, 15 әуежайда реконструкциялау жұмыстары жүргізілді (ҰҚЖ).
Инфрақұрылымның белсенді құрылысы Қазақстанның тиісті халықаралық рейтингтердегі көрсеткішіне оң ықпалын тигізді. 2011-2017 жылдар аралығында Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі «Инфрақұрылым сапасы» көрсеткіші бойынша Қазақстанның позициясы 14 сатыға жақсарды. 2014 жылдан 2016 жылға дейін Дүниежүзілік банктің логистикалық тиімділік индексінде 88-ші орыннан 77-ші орынға көтерілді. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2020 жылы 40-шы орынға қол жеткізу жоспарланған
Министр бәсекеге қабілетті тарифтерді және серіктес елдердің үйлесілген іс-қимылдарын жүзеге асыру нәтижесінде 2020 жылға қарай транзиттік трафиктегі контейнерлік тасымалдау көлемін 10 есеге арттыру жоспарланып отырғанын атап өтті (ЖФЭ 2 млн. тоннаға дейін, 2015 жылмен салыстырғанда – 212мың.)
2017 жылы Қазақстан аумағы арқылы автокөлікпен 2,1 млн. тонна жүк тасымалданды. Бұл соңғы 5 жылдағы рекордтық көрсеткіш. (2013 жылы - 1,56 млн, 2014 жылы - 1,49 млн, 2015 жылы - 1,2 миллион, 2016 жылы - 1,4 миллион). 2016 жылмен салыстырғанда 50%-дық өсім тіркелген.
Қазақстан аумағы арқылы отандық тасымалдаушылардың экспорттық, импорттық және транзиттік автокөлік нарығындағы үлесін ұлғайту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
2017 жылдың қорытындысы бойынша отандық тасымалдаушылар осы тасымал көлемінің 52% үлесіне қол жеткізді (2020 жыл жоспары - 50%).
«Биыл «Нұрлы Жол» бағдарламасының 23 жобасы аясында барлық облыс бойынша бір мезгілде 4,2 мың шақырым жол салу және реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі. Қазақстан алғаш рет осындай көлемі ауқымды жұмысқа кіріскелі отыр»,-деді министр.
2020 жылға қарай республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 90%-ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жетеді, ал I және II техникалық санаттағы жолдардың үлесі 50% -ға дейін артады. Бүгінгі таңда республикалық маңызы бар жолдардың 86% -ы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда, I және II техникалық санаттағы автомобиль жолдарының үлесі 32%-ды құрайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Министрлік өңір әкімдіктерімен бірлесіп облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды дамыту бойынша шаралар кешенін әзірлейді.
Орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге айрықша көңіл бөлінеді. Жол жөндеу жұмыстарының барысында ресайклинг (қайта өңдеп, жарату) технологиялары мен дәстүрлі әдістер қолданылады.
Бұл үшін жөндеу жұмыстарын қаржыландыруды 150 млрд. теңгеге дейін арттыру жоспарланған. Бұл шамамен 5 мың шақырым жолды жөндеп, 2025 жылға қарай жергілікті жол желілерінің жағдайын 85%-ға дейін жақсатруға мүмкіндік береді (қазіргі көрсеткіш: 67 %).
Әуе транзитінің тартымдылығын қамтамасыз ету үшін қазақстандық әуежайлардың инфрақұрылымы іс жүзінде дайындалды. Сонымен қатар, отандық және шетелдік әуе компаниялардың жаңа маршруттар ашуына байланысты халықаралық рейстердің географиясы кеңеюде.
2017 жылы әуе көлігімен жолаушылар тасымалдау соңғы 25 жылдағы рекордтық көрсеткішке жетті. Әуе жолаушыларының саны 23% -ға, транзиттік әуе жолаушыларының саны 30% -ға артты.
Тұтастай алғанда, жобалық басқару аясында транзиттік әуе тасымалдарын дамыту негізгі бағыттардың бірі. 2020 жылы 1,6 млн. транзиттік әуе жолаушылары қамтамасыз етілетін болады немесе 2,5 есеге артады.
Министрлік отандық көлік-логистика жүйесіне заманауи технологияны енгізу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Көпкомпонентті «Интеллектуалды көлік жүйесі» жобасы аясында көлік құралдарын, инфрақұрылымды, пайдаланушылар мен ақпараттық-коммуникациялық технологияларды интеграциялау кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

