
Бүгін, 2020 жылғы 12 мамырда еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланған Үкімет отырысына ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Министрлік жетекшілік ететін салалар бойынша биылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындылары жөнінде баяндады.
Осы мерзімде коронавирус пандемиясына байланысты қалыптасқан жағдайға қарамастан өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,9%, оның ішінде тау-кен өндіру - 6%, өңдеу - 7% өсті.
Тау-кен өндіру секторында құрамында алтын бар кен өндіру көлемінің өсуі есебінен түсті кен өндіру 3,4% ұлғайды. Темір кенін өндірудің өсуі өткізу нарықтарын дәстүрлі елдерден Қытай нарығына қайта бағдарлау есебінен 15,8% құрады. Көмір мен лигнит өндіру көлемі 102,1% болды.
Өңдеу өнеркәсібінде металлургия, фармацевтика, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және т. б. салалары есебінен өсім 7% құрады. Оның ішінде қара металлургияда өндіріс көлемі 100,1% құрады. Атап айтқанда, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да болат өндірісі 4%, «Евраз Каспиан Сталь» ЖШС арматура прокаты өндірісі 36%, «Кастинг» ЖШС-де үздіксіз құйылған шаршы дайындамалары өндірісі 3,2%, «KSP Steel» ЖШС-де болат өндірісі 1,2% ұлғайды. Түсті металлургияда өндіріс көлемі 8% өсті.
Химия өнеркәсібінде жүргізілген жаңғыртудан кейін өндірістік қуаттар деңгейі тұрақтанып, өндіріс көлемі 0,3% өсті. Саланың негізгі кәсіпорындары «ҚазАзот» АҚ-да аммиак селитрасы өндірісі 27% және аммиак өндірісі 171% артты.
Машина жасау саласында өндіріс көлемі 25,4% өсті. Автокөлік құралдары, трейлерлер және жартылай тіркемелер 59,2%, басқа санаттарға енгізілмеген машиналар мен жабдықтар 15,6%, электр жабдықтары 11,4%, өзге де көлік құралдарын жасау 103,9%, машиналар мен жабдықтарды жөндеу және орнату 5,7%, компьютерлер жасау 7,6% ұлғайды.
Фармацевтика өнеркәсібінде өндіріс көлемі 24,2% өсті. Өсім «Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасы» АҚ-да шығарылатын өнім көлемінің 20% және «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС-де өндіріс көлемінің 14 есеге артуымен байланысты. Сондай-ақ, өсім «СК-Фармация» арқылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізу көлемінің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді.