
"ЕвроХим" трансұлттық компаниясының Қазақстанға келу тарихы 2012 жылдан бастау алады. Осы кезде тараптар Жамбыл облысында "Қазақстан Республикасында минералды тыңайтқыштар шығару және Қаратау фосфорит бассейнінің кен орындарын игеру жөніндегі зауыт құрылысы" инвестициялық жобасын іске асыру туралы келісімге қол қойды.
"ЕвроХим" (EuroChem Group AG) - азот, фосфор және калий тыңайтқыштарының жетекші әлемдік өндірушілерінің бірі. Тыңайтқыштар өндірісі, логистика және дистрибуцияны қоса алғанда, тік интеграцияланған құрылымы бар компания.
"Еврохим" жобасы Қазақстанда қуаттылығы 1 млн тоннаны құрайтын жоғары сапалы тыңайтқыш және ілеспе индустриялық өнімдер шығаратын химиялық кешенді іске қосуды көздейді. Ресурстық база ретінде Қаратау фосфорит бассейнінің кен орындары қарастырылады. Химиялық кешеннің технологиялық ерекшелігі өндірістің экологиялық тиімділігінің жоғары көрсеткіштері бар таза, концентрацияланған фосфорлы агрохимиялық өнімдерді өндіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ автожол, мұнай-газ өндіру, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларының қажеттілігін қамтамасыз ететін жылына шамамен 120 мың тонна кальций хлоридін және кем дегенде 400 мың тонна гипс-дигидратты бір мезгілде өндіру жоспарланып отыр.
Бүгінде "ЕвроХим" жобаның 1-ші кезеңін сәтті жүзеге асырды. Фосфориттер кен орнын барлау және игеру басталып, жылына 640 мың тонна фосфор ұнын өндіруге қуатты тау-кен кешені пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта тау-кен кешенінде 500-ге жуық жұмыс орны ашылды (98% - ҚР азаматтары). Өндірісте Индустрия 4.0 технологиялары табысты қолданылады.
Екінші кезең бойынша 80% - дан астам жұмыс орындалды. Қазіргі уақытта жобалау жүргізіліп жатыр. Химиялық кешен құрылысына алаң дайындау, жабдықты жеткізушілерді іріктеу және оны жеткізуге келісім-шарт жасау жүргізілуде. Зауыт құрылысы 2021 жылы басталады деп жоспарланған.
Осы бағыт бойынша өткен жылдың желтоқсан айында Жаңатаста ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Жамбыл облысының әкімдігі мен "Еурохим" арасында минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт салу және пайдалану туралы инвестициялық келісімге қол қойылды. Компанияның жобаға бағытталған инвестициялар көлемі 1 млрд. АҚШ долларын құрайды.
Аталмыш жобаны іске асыру агроөнеркәсіптік кешенді, құрылыс саласын, мұнай-газ өндіруді, сауда мен ШОБ-ті дамыту бағытында елеулі үлес қоспақ. Сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға, импорт алмастыруды және елдің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Сондай-ақ, "ЕвроХим" компаниясының Жаңатас қаласына келуімен 2013 жылы жаңа жұмыс орындары ашылды. Компанияның әлеуметтік аударымдары арқасында мамандар өңірге қайтып келе бастады. Айта кету керек, коммуналдық инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша кезек күттірмейтін мәселелер шешілген: қала тұрғындары тәулік бойы сумен қамтамасыз етілді, көп пәтерлі үйлер, мектептер жөнделіп, жедел жәрдем қызметіне реанимобильдік автомашиналар сатып алынды. Жалпы, "ЕвроХим" компаниясы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына 40 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлген.