
2019 жылы қараша айында «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ қызметкерлері қытайлық серіктестері – GreatWall LTD компаниясымен бірлесіп, заманауи ультрабуктардың 50 сынама үлгісін және 50 дербес компьютер шығарды. 3 айдан кейін зауыттың өзінде дербес компьютерлерді құрастыру бойынша оқыту болып өтті.
Компьютерлік техниканы өндіру үшін дәлдігі 5-сыныпты көп қабатты баспа платаларын өндіретін қазіргі заманғы желілер, SMD-элементтерді үстіңгі монтаждау желісі және конвейерлік құрастыру желісі негіз болды.
Қазіргі уақытта компьютерлік техниканы өндіруге арналған жиынтықтауыштарды қытайлық серіктестері жеткізеді. Зауыттың көп қабатты баспа платаларын дайындау және SMD-элементтерді үстіңгі монтаждау желісі компьютерлер құрамында пайдаланылатын жүйелік платаны (аналық плата) өндіруді игеруге мүмкіндік береді.
Платаны дайындаудан бастап элементтерді платаға үстіңгі монтаждауға дейінгі жүйелік платаны шығаруды игеру процесінің өзі өндірісті ұзақ және мұқият дайындауды талап етеді. Өндірісті дайындау кезеңін табысты аяқтап, орнату партиясын табысты дайындаған кезде аталған жиынтықтауыштарды 2022 жылы дербес шығаруға кірісу жоспарланып отыр. Бұл үшін шетелдік әріптеспен қол қойылған жол картасына сәйкес дербес компьютерлерді өндіру барысында өз елімізде жасалатын өнімдер үлесін кезең-кезеңімен ұлғайту көзделген.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бұйрығына (2020 жылғы 3 сәуірдегі № 125/НҚ) сәйкес «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ өнімі «Сенімді бағдарламалық қамтамасыз ету және электрондық өнеркәсіп өнімдері тізіліміне» енгізілгенін атап өту қажет. Аталған тізілімге енгізу барлық мүдделі мемлекеттік органдарға біліктілік іріктеуінен өткен жеткізушілер арасында өткізілетін мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы отандық кәсіпорынның компьютерлік техникасын сатып алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қазақстандықтар «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ-ның компьютерлік техникаларын нарықтық бағадан 10% төмен бағада сатып ала алады. Жоспарға сәйкес компьютерлік өнім өндірісінің жылдық жобалық қуаты жылына 30 000 бірлікті құрайды.