Алматыда өнеркәсіпті цифрландырудың келешегі талқыланды

Алматыда өнеркәсіпті цифрландырудың келешегі талқыланды

2 ақпан күні «Жаһандану дәуірінің цифрлық күн тәртібі» халықаралық форумының аясында «Өнеркәсіпті цифрландыру» атты панельдік сессия өтті.

Панельдік сессияға өндірісті автоматтандыру мен басқару бойынша Фраунгофер атындағы институттың консультативті кеңесінің төрағасы Бургхард Шиль, ЕЭК өнеркәсіптік саясат департаменті директорының орынбасары Александр Готовский, РФ Өнеркәспіті дамыту қоры бас директорының орынбасары Владимир Распопов, POSCO ICT маркетинг бойынша тобының жетекшісі Сунг Вон Джо, «Байтерек» ҰБХ АҚ Басқарма төрағасы Айдар Арифханов, «Еуразиялық топ» ЖШС Басқарма төрағасы Серік Шахажанов, «Казцинк» ЖШС бас директоры Александр Хмелев қатысты.

Іс-шараға қатысушылар өнеркәсіпті цифрландырудың өзекті мәселелерін, заманауи тенденцияларды, индустрияны дамытудың перспективалары мен жетістіктерін талқылады.

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өз сөзінде өнеркәсіпті цифрландырылудың мемлекет экономикасының дамуындағы маңызды рөліне айрықша тоқталды.

Министр атап өткендей, Индустрия 4.0 технологиясын енгізу кәсіпорындардың тиімділігін 10-20% -ға дейін арттырады.

Өткен жылы ҚР Инвестициялар және даму министрлігі өнеркәсіпті цифрландыруды ынталандыру шараларын әзірлеу жұмыстарын атқарды.

Шетелдік серіктестермен (Фраунгофер атындағы институт, Бизнес-Швецияны даму институты және Nokia халықаралық компаниясы) бірлесіп өңдеу өнеркәсібінде және тау-кен металлургия кешеніндегі шамамен 600 компания зерттелді.

Мүдделі тараптармен (салалық қауымдастықтар, университеттер, институттар, сатушылар, мемлекеттік органдар және т.б.) келіссөздер жүргізілді. Бұл қазіргі индустриядағы жағдайды индустрия 4.0 элементтерін енгізу тұрғысынан анықтауға мүмкіндік берді.

Өңдеу кәсіпорындардың 80%-ы және кен өндіру өнеркәсібі кәсіпорындарының 60%-ы Өнеркәсіп 2.0 (жартылай автоматтандырылған операциялар) деңгейінде немесе автоматтандырылған өндіріске өту сатысында тұрғаны анықталды.

Осы жұмыс барысында саланы цифрландыруға кедергі келтіретін жайттар мен қиындықтар анықталды. Олардың қатарында іскерлік ортаны цифрландырудың экономикалық артықшылықтарын толық түсінбеуі, білікті мамандардың жетіспеуі, отандық технологиялар мен құзыреттердің дұрыс дамымауы, цифрландыруға қажетті қаржылық ресурстардың шектеулі болуы, телекоммуникациялық инфрақұрылымдардың даму деңгейінің төмендігі сияқты мәселелер бар.

Осыған сәйкес және халықаралық тәжірибені ескере отырып, цифрлы технологияларды жоспарлау мен неғұрлым белсенді енгізуге ынталандыратын кәсіпорындарымызды қолдау үшін қажетті экожүйені құруға бағытталған шаралар әзірленді. Бұл шаралар «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына енгізілді. Атап айтар болсақ, бағдарлама аясында бірқатар бастамалар бекітілді: цифрлы технологияны бизнес-ортаға таныту; отандық технологиялар мен құзыреттерді дамыту; қажетті мамандарды дайындау; кәсіпорындарды цифрландыру үшін қаржылай ынталандыру; өнеркәсіптік интернетті дамытуға жағдай жасау.

Индустрия 4.0 технологиясын енгізуді насихаттау мақсатында цифрлық технологияларға арналған демонстрациялық алаңдарға айналатын цифрлық фабрикаларды құру жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, бұл жобаны іске асыру отандық техникалық мамандардың құзыреттілігін арттырады және нақты жобаларды іске асыру тәжірибесінде практикалық кедергілерді анықтайды.

Фото мұрағаттан алынды