Қазақстан мен Канада тау-кен саласында ынтымақтастықты арттыруға мүдделі

Қазақстан мен Канада тау-кен саласында ынтымақтастықты арттыруға мүдделі

Astana Mining & Metallurgy XIII халықаралық тау-кен металлургия конгресінің аясында Қазақстан мен Канаданың табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу саласындағы ынтымақтастығын арттыруға арналған панельді отырысы өткізілді.

Аталған басқосуға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Иран Шархан қатысты.

Вице-министр елімізде тау-кен саласы жақсы дамығанын айта келе оның ұлттық экономикадағы үлесі жоғары екенін жеткізді. Өйткені экономиканың басқа секторларымен салыстырғанда тау-кен кешені ел қазынасын айтарлықтай салық түсімдерімен қамтамасыз етіп келеді, әсіресе экспорттық үлесі зор. Бұл саладан түсетін кіріс арқылы экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асырып, тұтастай экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға жол ашылып отыр.

Сондай-ақ елімізде тау-кен өнеркәсібін одан әрі дамытып, минералды-шикізаттық ресурстық базаны толықтыру үшін геологиялық барлау жұмыстарына айрықша көңіл бөлінгенін айта кеткен жөн.

Пайдалы қазбаларды барлаудағы кейінгі жетістіктер, геофизика, қашықтан зондтау және топырақтың төменгі қабаттарының геохимиясы саласындағы озық технологиялар кен орындарын анықтауға мүмкіндік беріп келеді. Осы технологияларды қолдану және ғылыми-зерттеу мекемелерінің қызметін жолға қою Қазақстанның тау-кен металлургия секторының дамуында аса маңызды рөл атқарады.

Бұл бағытта Қазақстан Канадамен тәжірибе алмасуға мүдделі. Үйеңкі жапырақтар елі осы салада мол тәжірибеге ие және тау-кен өнеркәсібіне халықаралық инвестициялар тарту бойынша көшбасшы мемлекеттердің қатарында.