Индустрияландыру бағдарламасы аясындағы салалар инвестиция үшін тартымды бола түсті

Индустрияландыру бағдарламасы аясындағы салалар инвестиция үшін тартымды бола түсті

2017 жылдың 9 айында Қазақстанға 15,8 млрд. доллар инвестиция тартылды.  Ол 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3%-ға артық. Бұл туралы министрліктің алқа мәжілісінде баяндама жасаған ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Арыстан Қабыкенов мәлімдеді. Оның айтуынша, Индустрияландыру бағдарламасы аясындағы салалар инвестиция үшін тартымды бола түсті.

«Егер 2009 жылы алғашқы бесжылдықтың басында ТШИ құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі барлығы 8,5%-ды құраса, бүгінгі күні өңдеу өнеркәсібіне шетел инвестициясының төрттен бір бөлігі келеді (2017 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша - 22,8%)»,-деп атап өтті вице-министр.

Биыл Министрлік Ұлттық Инвестициялық Стратегияны іске асырудың белсенді кезеңіне көшеді. Онда іске асыру үшін 45 іс-шара жоспарланған. Бұдан бөлек, ҚР ИДМ инвестициялық жобаларды іске асыру жұмыстарын белсенді түрде жалғастыра береді.

«55-56 қадамдарды («100 нақты қадам» Ұлт жоспары) іске асыру аясында экономиканың басым секторларында жалпы сомасы шамамен 300 млн. доллар болатын 7 жобаның құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, жалпы сомасы 4 млрд. доллар болатын 12 жоба әзірленуде. Бұл жобалардың инвесторлары ірі трансұлттық компаниялар»,-деді Арыстанбек Қабыкенов.

Сондай-ақ, вице-министрдің айтуынша, индустрияландыру мен инвестиция саласындағы ынтымақтастық аясында бірлескен Қазақстан-Қытай жобаларын іске асыру жалғасатын болады. Биыл жалпы құны  363 млн. доллар болатын 6 жобаны іске қосу жоспарланып отыр және жалпы құны 623 млн. доллар болатын 5 жаңа жобаның құрылыс жұмыстары басталмақ.