«Қазмедприбор» - Қазақстандағы медициналық техника мен жиһаздың көптеген түрін өндіретін ірі кәсіпорын

«Қазмедприбор» - Қазақстандағы медициналық техника мен жиһаздың көптеген түрін өндіретін ірі кәсіпорын

Коронавирус қатерлі дерті әлем елдерінің көпшілігіне тарап, онымен күрес басты міндет болып отырған жағдайда медицналық жабдықтар мен бұйымдар шығаратын кәсіпорындарға ерекше назар ауды. Осы орайда сапалы медициналық өнімдер шығарып, оның біразын экспорттап отырған отандық кәсіпорындар туралы баяндамақпыз.

Солардың бірі - «Қазмедприбор» ЖШС 2005 жылы құрылды. Алғашында өз қызметін шағын цехта медициналық жиһаз өндіруден бастаған. Біртіндеп жаңа өндірістік желілер ашып, өндірісті жаңғырту арқылы медициналық техника мен жиһаздың кең ассортиментін өндіретін ірі кәсіпорынға айналды.

Қазір «Қазмедприбор» кәсіпорнында 300-ден астам өнім шығарылады. Олар: медициналық жиһаздың қарапайым заттарынан бастап коронавирус пандемиясы жағдайында әлемде үлкен сұранысқа ие болып отырған өкпені жасанды желдеткіш аппараттары, ультрадыбыстық  аппараттар, рентген аппараттары, операциялық үстелдер, операциялық шамшырақтар, электрокардиографтар, медициналық консольдер. Сондай-ақ медициналық жиһаз, медициналық мақсаттағы автомобильдер (жедел медициналық жәрдем көліктері, санитарлық көлік, "КамАЗ" базасындағы жылжымалы медициналық кешендер) өндіреді. 

Кәсіпорын халықаралық сапа стандартына сәйкестігін дәлелдейтін сертификаттарға ие болып, өз өнімдерін ТМД мен Еуропалық Одақ елдеріне экспорттауға мүмкіндік алды.

2013 жылы елімізде теңдесі жоқ медициналық жабдықтар шығаратын жаңа өндірістік кешен ашылды. Кәсіпорынның қуаты 4 есеге өсті. Жаңа ғимараттар салынып, өндірістік жабдықтар жаңартылды. Қосымша жұмыс орындары ашылды.

«Қазмедприбор» өндірістік базасында 2013 жылы зертханалар мен диагностикалық медициналық жабдықтар, мамандандырылған және әмбебап зертханалық жабдықтар, сондай-ақ бағдарламалық қамтамасыз ету үшін әлемдік ірі талдау және сынақ жабдықтарын өндірушілердің бірі – Жапонияның SHIMADZU компаниясымен бірлесіп рентген-диагностикалық жабдықтарды шығаруда зауыт жаңғыртылды.

2014 жылдың мамырында CHEM-200 автоматты биохимиялық анализаторын және химиялық реагенттер саласындағы ең танымал халықаралық компаниялардың бірі – Италияның Gesan Production Srl компаниясымен бірлесіп диагностикалық және зертханалық жабдықтарға арналған медициналық реагенттерді шығару бойынша бірлескен өндіріс іске қосылды.

2014 жылдың желтоқсан айында дезинфекциялық құралдар мен антисептиктерді әзірлеу және өндіру бойынша жетекші компаниялардың бірі - Германияның Dr Schumacher GmbH бірлесіп, медициналық дезинфекциялау құралдарын шығаратын өндіріс ашты.

Кәсіпорынды жаңғырту екі жыл бойы жүргізілді. Жоба «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, «Республиканың үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының өңірлік картасына» кірді.

Бүгінгі таңда «Қазмедприбор» ЖШС зауытының өндірістік қуаты келесі көлемдер мен жабдықтар түрлерін өндіруге мүмкіндік береді:

  1. Өндірістік қуаты бар рентген аппараттары (жылжымалы және стационарлық) - жылына 500 бірлікке дейін;
  2. Түрлі модификациялы медициналық мақсаттағы автомобильдер – жылына 500 бірлік;
  3. Наркоздық-тыныс алу аппараты – жылына 2 000 бірлік;
  4. Өкпені жасанды желдету аппараттары (ӨЖЖ) (портативті, стационарлық) – жылына 2 000 бірлік;
  5. УДЗ аппараттары (портативті және стационарлық) – жылына 2 000 бірлік;
  6. Функционалдық кереуеттер (палаталық, травматологиялық, реанимациялық) – жылына 6 000 бірлік;
  7. Инфузиялық сорғылар (шприцтік, инфузиялық) – жылына 10 000 бірлік;
  8. Операциялық үстелдер – жылына 2 500 бірлік;
  9. Операциялық шамшырақтар (жылжымалы, төбелік) – жылына 4 000 бірлік;
  10. Электрокардиографтар – жылына 4 500 бірлік;
  11. Пульсоксиметрлер – жылына 20 000 бірлік;
  12. Пациенттің мониторлары (орталықтандырылған) – жылына 4 500 бірлік;
  13. Фетальды мониторлар – жылына 4 500 бірлік;
  14. Хирургиялық сору (портативті, стационарлық) – жылына 5 500 бірлік;
  15. Дефибрилляторлар (автоматты, мамандандырылған) – жылына 4 500 бірлік,
  16. Арбалар-каталкалар (жедел жәрдем каретасы үшін мамандандырылған, палаталық және реанимациялық) – жылына 5 500 бірлік;
  17. Гинекологиялық креслолар – жылына 6 000 бірлік;
  18. Мүгедектер креслолары (механикалық, автоматты) – жылына 10 000 бірлік,
  19. Биологиялық ламинарлық бокстар және жансақтау мен қарқынды терапия палаталарына арналған басқа да жабдықтар.

Компания бірнеше мәрте өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын болып танылып, отандық және халықаралық сыйлығына ие болған.

Мекенжайы: Шымкент қаласы, Қаратөбе тас жолы,  36.

+7 (7252) 44-26-76

+7 (7252) 44-28-95

+7 (7252) 31-87-77

+7 (705) 666-08-44