
Қазақстан машина жасаушыларының XI форумы аясында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев бірқатар шетелдік компанияның өкілдерімен кездесіп, тау-кен, автожол жобалары, және құрылыс саласында өзара тиімді әріптестікті арттырудың жолдарын талқылады.
Мәселен, Марат Кәрімжанұлы «IGH институты» өңірлік орталығының (Хорватия) басшылығымен кездесіп, құрылыс және автожол құрылысы бойынша техникалық қадағалау бағытында екіжақты әріптестіктің перспективасын пысықтады. Орталықтың басшысы Хрвое Сиронич министрге жоғарыда аталған салаларға байланысты Грузия, Қытай сынды елдерде сәтті жүзеге асырылған жобалар жөнінде айтып, Қазақстанмен де тығыз қарым-қатынас орнатуға ниетті екендерін жеткізді. Бұл тұста М.Қарабаев хорватиялық институтпен техникалық қадағалау бойынша ғылыми-зертханалық базаны құру жөніндегі бірлескен жобаны іске асырудың амалдарын қарастыруға болатынын айтты. Бұған қоса ведомство басшысы еліміздегі техникалық бақылау саласы нарықпен реттелетінін жеткізді.
Сонымен қатар ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі электрлі техника жабдықтары, тау-кен саласына арналған қондырғылар, пайдалы қазбаның өндірісіне қажетті жабдықтар, өндірісті автоматтандыруға арналған аппараттар мен бақылау құрылғыларының өндірісімен айналысатын бірқатар шетелдік серіктестерімен де кездесті. Кездесулер барысында бірлескен кәсіпорындар құру, сонымен бірге инвесторларға қарастырылған жеңілдіктер жөніндегі мәселелерді қаузады.
Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар іскерлік әңгімеге ризашылықтарын білдіріп, екіжақты қарым-қатынасты одан ары дамытудың маңыздылығын атап өтті.