ЭЫДҰ Кеңесі Болат комитетіне кіру жөніндегі Қазақстанның өтінімін мақұлдады

ЭЫДҰ Кеңесі Болат комитетіне кіру жөніндегі Қазақстанның өтінімін мақұлдады

2017 жылғы 28-29 қыркүйегінде болған Қазақстанның болат саласындағы саясатына алдын ала шолу таныстырылымының нәтижесі бойынша Болат комитетінің Хатшылығы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі - ЭЫДҰ) Кеңесіне Қазақстанды қауымдастырылған мүше ретінде шақыруға ұсыну шешімін қабылдады. ЭЫДҰ Кеңесінің өтінімді мақұлдағаны туралы бүгін белгілі болды.

Қазақстанның ЭЫДҰ Болат комитетінде «Қауымдастырылған мүше» мәртебесін алу Ынтымақтастық бойынша елдік бағдарлама жобасын іске асыру туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ЭЫДҰ арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға сәйкес жоспарланған болатын.

Қазақстан тарапы Болат комитетіне кіру үшін 5 жылдан астам уақыт үлкен жұмыстар атқарды. Бұл бағытта жұмысты Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Тау-кен металлургия өнеркәсібі басқармасы, сондай-ақ «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ атқарды. Елдегі болат саласы бойынша талдау жұмыстары, саладағы орта және ұзақ мерзімді мақсаттар туралы, сондай-ақ толтырылған сауалнама мен сұранымдар жолданды.

ЭЫДҰ Болат комитетінде Қазақстанның қатысу мәртебесін жоғарлату - болып жатқан оқиғалардың жағдайын білуге, оның өрістеуін байқауға және нарықтың өзгерулеріне уақытылы әрекет етуге мүмкіндік береді. Бұл әлемдегі қара металлургияның дамуына қатысты түрлі мәселелерді басқа болат өнімінің ірі өндіруші елдерімен тең құқықта шешуге көмектеседі. Сондай-ақ, ЭЫДҰ-ның аса ірі зерттеулер мен аналитикалық материалдарына араласа алады.

ЭЫДҰ 1961 жылы құрылған, оған 35 ел кіреді. Оның ішінде Германия, Ұлыбритания, Франция, АҚШ, Жапония және Австралия бар. ЭЫДҰ мүше-мемлекеттерінің үлесіне әлемдік болат өндірісінің 45% және әлемдік болат экспортының 75%-дан келеді.