
Үкіметтің биылғы ақпан айындағы кеңейтілген отырысында жариялаған аграрлық-өнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа бағыттарын ескере отырып, Қазақстан республикасының Елшілігі 11-15 наурызда «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясымен» бірлесіп, Қазақстан ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерінің Нидерланд Корольдігіне сапарын ұйымдастырды.
Сапар барысында отандық кәсіпкерлер Нидерландтың ірі жоғары технологиялық ауыл шаруашылық кәсіпорындары мен ғылыми-зерттеу институттарын аралап, заманауи үдерістермен және технологиялармен танысты.
«Ауылшаруашылық саласындағы озық технологиялық инновациялар» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында, нидерландтық 60 кәсіпкерге Қазақстандағы ауыл шаруашылық саласының инвестициялық ахуалы мен әлеуеті таныстырылып, келешек ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері талқыланды. Еуропалық қайта құру және даму банкі менеджері Әсел Айтқожина өз сөзінде Қазақстанның бизнес әлеуетінің тартымдылығына баса мән беріп, ЕҚҚДБ-ның қазақстандық инновациялық жобаларды қаржыландыру мүмкіншіліктерін атап өтті. «B2B» үлгісінде өткен арнайы сессияда қазақстандық кәсіперлер нидерландтық ықтимал серіктестерімен тақырыптық келіссөздерін одан әрі жалғастырды.
«Нидерландқа жасалған сапар ауылшаруашылық саласындағы заманауи озық технологиялар мен мүмкіншіліктерге жаңа қырынан қарауға себеп болды. Нидерландтық компаниялар мен іскерлік ынтымақтастықтың және ауыл шаруашылығын жүргізудегі озық технологияларды енгізудің зор мүмкіншіліктері барына көзіміз жетті»,- деді «Ақселеу» ЖШС директоры Серік Малаев.
Сапардың басты нәтижелерінің бірі – ҚР-да Нидерландтың жетекші «Вахенинген» ғылыми-зерттеу орталығының қатысуымен аграрлық парк кешенін құру мүмкіншілігі болды. Парк құру Мемлекет басшысының қазақстандық агросекторды дамытуға қатысты белгілеген тапсырмасына сай келіп, Қазақстанда ауылшаруашылық саласындағы жоғары технологиялық және тиімді кластерді дамытуға негіз бола алады.
«Қазақстанның ауылшаруашылық әлеуеті зор. Нидерланд тарапы кешенді өндірістік кластерге қажет технологияларға ие. Аталған екі факторды біріктіру ынтымақтастықтың өзектілігі мен тиімділігін арттырады», - деді «Вахенинген» университетінің агропарк және тағамдық кластер саласының маманы Питер Смитс.
Айта кетерлігі, Нидерланд АҚШ-тан кейінгі әлемдік ауыл шаруашылық өнімдерін экспорттаушы. Жыл сайын 80 млрд. еуродан астам сома көлемінде ауылшаруашылық өнімдерін экспорттап, елдің Жалпы ішкі өнімінің 10 пайызын құрап отыр.
Сапар Қазақстан – Нидерланд Іскерлік Кеңесі атынан Нидерланд «VNO-NCW» өнеркәсіп иелері мен жұмыс берушілер Конфедерациясы, «RoyalDutchShell» және «ERG» компанияларының қолдауымен ұйымдастырылды.

