Қазақстандықтар қолайлы шарттармен тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік алады

Қазақстандықтар қолайлы шарттармен тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік алады

ҚР ИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов Мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасына арналған дөңгелек үстел отырысында «7-20-25» бағдарламасы бойынша баяндады. 

Оның айтуынша, бұл бағдарлама арзан ресурстардың тетігі болып табылады және жұмыс істейтіндердің барлығы несиеге пәтер сатып ала алады. Көптеген қазақстандықтар қолайлы шарттармен тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік алады. Бұл орташа тұрақты табысы бар жұмыс істейтін азаматтарға өте тиімді ипотека (республика бойынша орташа жалақы шамамен 140 мың теңгені құрайды).

«Мысалы, егер пәтердің құны 12 млн. теңге болса, онда бастапқы жарнаға 2,4 млн. теңге қажет болады (20%), ал қалған  9,6 млн. теңгесін 25 жылға банк 7 пайызбен береді. Нәтижесінде, ай сайынға төлем сомасы 68 мың теңгені құрайды»,-деп мысал келтірді М.Жайымбетов.

Бұл механизмге барлық банктер қатыса алады. Ол үшін арнайы компания құрылып, ол қаражатты банктерге бөлумен айналысатын болады (бұл тетік Екінші деңгейдегі банктердің ағымдағы ипотекасына талаптар құқығын сатып алуды көздейді).

Мемлекет басшысы айтқандай, осы мақсаттар үшін Ұлттық банк шамамен 1,0 трлн. теңге тартады. Яғни, ипотеканың сомасы 9,6 млн. теңге болса, 100 мыңнан аса қолжетімді кредит беруге мүмкіндік туады.

Бағдарламаны тиімді іске асыру үшін Ұлттық банк Қазақстан Республикасының заңдарына банк талаптарын жеңілдету мәселелері бойынша бірқатар түзетулерді дайындап жатыр.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізуде. Ол өзгерістер тұрғын үй құрылысының көлемін арттыру нормаларын көздейді. Тиісінше Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қарыздары жаңа бағдарламаның параметрлеріне сәйкес қайта қаралады.

Анықтама.

- әскери қызметшілері мен арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері үшін банктің «5-5-25» бағдарламасын енгізу;

- кредиттік тұрғын үйлерді сатып алу үшін банктің «5-20-15» бағдарламасын енгізу;

Бұнда банктің салымшыларына, банктің шотында  20% кем емес қаражаттары болған жағдайда, 15 жылға дейінгі мерзімге 5%-бен алдын ала және аралық қарыздар берілетін болады.

Фото ашық ақпарат көзінен