
Бүгін Инвестициялар және даму министрлігінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тәуекелді (венчурлық) қаржыландыру мәселелері жөнінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша қоғамдық тыңдалым өтті.
Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаевтың басшылығымен өткен қоғамдық тыңдауға мемлекеттік мекемелердің, бизнес қауымдастықтардың, венчурлық қаржыландыруға қатысатын компаниялар мен қорлардың және БАҚ өкілдері қатысты.
Заң жобасы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауында жүктелген міндеттерді орындау мақсатында әзірленді. Онда «Цифрлық және басқа да инновациялық шешімдерді әзірлеушілердің өз экожүйесін дамытуы аса маңызды мәселеге айналып келеді. Нақты сектордың жаңа технологияларға деген сұранысты ынталандыруы және венчурлық қаржыландырудың жеке нарығының қызметі инновациялық экожүйе жетістіктерінің негізгі факторлары болып саналады. Бұл үшін тиісті заңнама қажет»,-делінген болатын.
Осыған байланысты министрліктің басқа мемлекеттік органдармен бірлесе отырып Жолдауды іске асыру жөніндегі Ұлттық іс-қимыл жоспары заңнамалық реттеуді жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.
«Заң жобасы венчурлық қаржыландыру нарығындағы қолданыстағы халықаралық тәжірибені ескере отырып, жеке венчурлық капитал нарығын ынталандыруға, индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларын әзірлеуге және инновациялық қызметті күшейтуге бағытталған»,-деп атап өтті Тимур Тоқтабаев.
Вице-министрдің айтуынша, венчурлық қаржыландырудың қолданыстағы заңнамасының жетілмеуі инновациялық жобалардағы тәуекелді инвестицияларға қатысты кәсіпкерлік ортаның жұмысына кері әсер етеді.
Өз кезегінде, венчурлық қаржыландыру мәселесіндегі кәсіпкерлердің енжарлығы кәсіпорындардың инновациялық белсенділігін төмендетеді және интелектуалды ресурстардың шетелге кетуіне әсер етеді.
Мысалы, қазақстандық кәсіпорындардың инновациялық белсенділігі 9,3% құрайды. Бұл ЭЫДҰ елдерінде орташа көрсеткіштен 5-7 есе аз (салыстырма үшін Швецияда бұл көрсеткіш - 57%, Германияда - 70%, Финляндияда - 46%, Австрия - 70%, Ұлыбритания - 62%). Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі рейтингінде Қазақстан «Инновациялық әлеует» индикаторы бойынша 84-орынды және «Венчурлық капиталға қолжетімділік» қосалқы факторы бойынша 102-орынды иеленді.




