Қазақстан мен Ұлыбритания өзара ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

Қазақстан мен Ұлыбритания өзара ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Арыстан Қабыкенов пен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы елшісі М.Гиффорд кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар сауда және инвестиция, транзиттік-көліктік әлеует, жер қойнауын пайдалану және тау-кен өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Вице-министр А.Қабыкенов Ұлыбритания Қазақстанның стратегиялық маңызы бар әріптестерінің бірі және Қазақстанға ірі көлемде инвестиция құятын инвесторлардың алдыңғы қатарына кіретінін атап өтті. Сондай-ақ, екі ел ел арасындағы экспорт көлемін арттыру және сауда-экономикалық байланысты одан әрі нығайту, өзара мүдделі салаларда ынтымақтастықты арттыруға шақырды.

Елші М.Гиффорд екіжақты және көпжақты іс-шараларды өткізу арқылы, оның ішінде қазақстандық, британдық және қытайлық тараптардың қатысуымен «Бір белдеу – Бір жол» бастамасы бойынша қарым қатынасты арттырудың маңыздылығына тоқталды.

Тараптар тау-кен және металлургия, жаңа технологиялар, көлік және өнеркәсіп салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылап, ағымдағы жылға жоспарланған іс-шараларды өткізуде өзара қызығушылық танытты.

Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы сыртқы сауда айналымы 2017 жылы 1,286 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 1,9%-ға артық (1,262 млрд. АҚШ доллары).

2017 жылы Қазақстаннан Ұлыбританияға шығарылатын экспорт көлемі 4,2%-ға өсіп, 926,8 млн. АҚШ долларын құрады (2016 жылы - 889,4 млн. АҚШ доллары болған).