
Бүгін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму вице-министрі Арыстан Қабыкенов Канаданың Қазақстан Республикасындағы елшісі Николас Бруссомен кездесті.
Кездесу барысында тараптар сауда және инвестициялар, жер қойнауын пайдалану және тау-кен өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Вице-министр Арыстан Қабыкенов Канада Қазақстанның Солтүстік Америкадағы стратегиялық әріптестерінің бірі екенін айтты. Ол сондай-ақ Қазақстан экономикасында канадалық инвестициялардың өскенін атап өтіп, сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға, өзара мүдделі салаларда екі жақты ынтымақтастықты кеңейтуге ниет білдірді.
Анықтама: 2005-2017 жылдар кезеңінде Канададан Қазақстанға тартылған тікелей инвестицияның жалпы ағыны 4,4 млрд. АҚШ долларын құрады.
Елші Н.Бруссо екіжақты және көпжақты іс-шараларды өткізу арқылы қарым-қатынасты тереңдетудің маңыздылығын атап өтті. Іскерлік байланыстарды орнату үшін тиімді алаң жыл сайын өтетін «Қазақстан-Канада» Іскерлік кеңесі болып табылады.
Тараптар тау-кен және металлургия, жаңа технологиялар салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады және бірлескен іс-шараларды өткізуге өзара қызығушылық танытты.
Кездесу соңында тараптар келелі әңгіме үшін бір-біріне алғыстарын білдіріп, Қазақстан мен Канада арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамыту маңызды деген байламға келді.



