Франция-Қазақстан: стратегиялық серіктестікке 10 жыл

Франция-Қазақстан: стратегиялық серіктестікке 10 жыл

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Франция-Қазақстан: стратегиялық серіктестікке 10 жыл» форумында баяндама жасады.

Министр өз баяндамасында елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша қабылданған шаралар туралы айтып, француз компанияларын Қазақстанның транзиттік әлеуетін, индустрияландыруды дамытуға және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға белсенді қатысуға шақырды.

Ж.Қасымбек атап өткендей, бүгінгі таңда Қазақстанның инвестициялық әлеуетінің деңгейі жоғары және Орталық Азияға тікелей инвестицияларды тарту бойынша көшбасшы ел.

Үкімет Дүниежүзілік Банкпен бірге 2018-2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегияны әзірледі. Стратегияның негізгі мақсаты 2022 жылға қарай еліміздің ЖІӨ-нің 6% -ға өсуін қамтамасыз ету арқылы тікелей шетелдік инвестициялардың ағынын арттыру.

«Біздің есебімізге сәйкес, бұл үшін 2022 жылға қарай шетелдік инвестициялардың жыл сайынғы ағынын 25 млрд. долларға дейін, яғни 2016 жыл деңгейінен 26%-ға арттыру керек»,-деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Министр сондай-ақ 2018 жылдың маусым айының соңында күшіне енетін ЭЫДҰ ұсыныстары аясында әзірленген жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы жаңа Кодекс туралы айтып, Француз компанияларын жер қойнауын пайдалану саласындағы жаңа мүмкіндіктерге қатысуға шақырды.

«Біз мыс, алтын, қорғасын, мырыш және басқа да металдарды геологиялық барлау жобаларын іске асыру үшін инвесторлармен одан әрі жұмыс істеуге және ынтымақтастық үшін 100-ге жуық бос кен орындарын ұсынуға дайынбыз»,-деді Ж.Қасымбек.

Оның айтуынша, осы жылдың маусым айында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын беру туралы аукцион өткізу жоспарлануда. Барлығы 69 жер қойнауы учаскесі дайындалды, оның 5-і өндіріледі және 64-і барланады.

Қазақстан да, Франция да аграрлық секторға ерекше көңіл бөледі. 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен өңдеушілерге субсидиялар беріледі. Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауына сәйкес, «made in Kazakhstan» экологиялық таза өнімдердің эталоны болуы керек. Ал аграрлық сектор экономиканың жаңа қозғаушы күші болуы шарт. Министр француз компанияларының осындай өнімдерді шығаратын жобаларды жүзеге асыруға белсенді түрде араласуының өзектілігін атап өтті.

Анықтама:

2005 жылдан 2017 жылға дейінгі кезеңде Франциядан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 14,1 млрд. АҚШ долларын құрады.

2018 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда 220 заңды тұлға тіркелді. Француздардың қатысуы бар тұлғалардың, филиалдар мен өкілдіктер саны 138.

Қазақстан мен Франция арасындағы сыртқы сауда айналымы 2017 жылы 3,3 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл 2016 жылға қарағанда 38,5% -ға (2,5 млрд. АҚШ доллары) жоғары.

Қазіргі уақытта инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы 1998 жылғы 3 ақпанда Парижде қол қойылған және 2000 жылғы 21 тамызда күшіне енді.