
«Қазгеология» АҚ мен «Қазцинк» ЖШС «АлтайГео» ЖШС бірлескен кәсіпорнын құру мәселесі бойынша құрылтайшылардың жалпы жиналысын өткізді. Оның мақсаты – Шығыс Қазақстан облысында колчедан-полиметалл кендерін барлау жобаларын (Ивановская, Приграничная, Сакмарихинско-Черноубинская және Хамирская алаңдары), сондай-ақ Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы Көкшетау алаңында алтын, мыс және полиметалдар барлау жобаларын іске асыру. Учаскелердің жалпы алаңы 3 690 ш. км құрайды. Инвестициялардың жалпы көлемі 3,5 млрд. теңге. Геологиялық барлау жұмыстарын «Қазцинк» компаниясы қаржыландырады.
Екі компанияның арасында келіссөздер жүргізу процесі 2017 жылы басталған болатын. Биыл жаз айларында бірлескен кәсіпорынның жұмысы басталады. Барлау шығындары алғашқы жылы 500 млн. теңгеден асады.
Барлық жобалар Риддер, Зырянь моноқалаларын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қолдауға ықпал ететін болады.
«Қазцинк» ЖШС - Glencore International швейцар концернінің қазақстандық еншілес тау-кен компаниясы. Онда 500-ден астам түрлі мамандықты меңгерген 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
