
2019 жылы «СарыаркаАвтоПром» ЖШС жалпы сомасы 186,6 млрд. теңгенің 25802 автомобилін шығарды. Биылғы жоспар бойынша 26 мыңнан астам автокөлік құралы шығарылса, оның 13 мыңы Ресейге экспортталады. Жалпы соңғы 2 жылда кәсіпорын 11,3 млрд. теңгеге 2428 автокөлікті Ресей, Өзбекстан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан сияқты елдерге экспортқа шығарды.
Өткен жылдың тамыз айында Қазақстанда өндірілген «Ravon» маркалы автомобильдердің 500 данасы алғаш рет Ресейге және Қырғызстанға жеткізілді. Жалпы Қостанайдағы зауытта 20, 6 млрд. теңгеге Ravon «Nexia R3» үлгісіндегі көліктің 5366 данасы шығарылды.
«GeneralMotors» LLC мақұлдауымен жұмыс істеп тұрған «Ravon» дилерлік желісін «Chevrolet» желісімен интеграциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл шара экспорт нарығындағы автомобильдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруы тиіс.
Осыдан бірнеше күн бұрын «СарыаркаАвтоПром» ЖШС зауытында Chevrolet автокөлігінің өндірісі іске қосылды. Олар: отбасыға арналған седан - Chevrolet «Cobalt» (бұған дейін Ravon R4 аталды), коммерциялық мақсатта пайдаланылатын Chevrolet «Damas» және Chevrolet «Labo», SUV-B санатындағы қалаға арналған кроссовер - Chevrolet «Tracker», жол талғамайтын көлік - Chevrolet «Trailblazer», премиум санаттағы Chevrolet «Malibu», Chevrolet «Traverse» және Chevrolet «Tahoe». Барлығы 8 жаңа үлгі.
Сонымен қатар, 2019 жылы Астана, Павлодар, Атырау, Ақтау, Шымкент қалаларына бір қуаттаумен 230 шақырымға дейін жүретін электр автобустар жеткізілді. Және Қазақстан Республикасында автобус паркін ауыстыру бағдарламасы аясында электромобильдерге арналған қуаттау инфрақұрылымын жасақтау басталды. Нұр-Сұлтан қаласына 22 дана, Павлодарға 10 электр автобус жеткізілді.
Анықтама:
«СарыаркаАвтоПром» ЖШС Қостанай қаласында орналасқан. 2010 жылдың 25 мамырында негізі қаланды. Құрылтайшысы - «СПК «Тобол» АҚ және «Allur Auto» ЖШС.
Кәсіпорынның негізгі қызметі - жеңіл және жүк көліктерінің, автобустар мен арнайы техникалар өндірісі: IVECO, Hyundai, JAC, RAVON, Peugeot, СHEVROLET NIVA және т.б. (барлығы 9 марка, 38 үлгі). Қуаттылығы жылына 25 мыңнан астам дана көлік құралы: DKD жинау / ірі желілік жинау/ (IVECO Power Daily, IVECO - 682, Hyundai, JAC, RAVON, Peugeot, СHEVROLET NIVA) - 22700 дана, CKD жинау /шағын желілік жинау/( JAC ) -5 000 дана.
Негізгі жеткізушілер - IVECO S.P.A., China National Vehieles Import and Export Corporat, HAK TRADING LLC, Дженерал Моторс Узбекистан АО Джи Эм - АВТОВАЗ (ЗАО "Джи Эм - АВТОВАЗ"), ЗАО «ХЕНДЭ МОТОР МАНУФАКТУРИНГ РУС».
Зауытта инновациялық технологиялар, оның ішінде роботпен біріктіру желісі, бояу және шанағын жинау жұмыстары атқарылады.