Қазақстан басқа елдердің құрылыс конструкцияларын сынақтан өткізе алады

Қазақстан басқа елдердің құрылыс конструкцияларын сынақтан өткізе алады

"Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты" акционерлік қоғамы ("ҚазҚСҒЗИ" АҚ) аккредиттелген орталық ғылыми-зерттеу зертханасын (ОҒЗЗ) халықаралық стандарттарға сәйкес жаңғыртуды бастады. 

Орталық ғылыми-зерттеу зертханасы ауқымды реконструкциялаудың аясында құрылыс конструкцияларын сынауға арналған ең жаңа құрылғыны сатып аалады. Сондай-ақ өндірістік базаның реконструкциясын жүргізу жоспарланып отыр.  

2020 жылдан бастап Қазақстан құрылыс конструкцияларының беріктігіне қойылатын талаптарды бірнеше есе ұлғайтатын құрылыстың және жобалаудың еуропалық стандарттарына (еурокодтарға) өтеді. 

"Сейсмикалық аумақтардағы құрылыс" ҚР ЕЖ нормаларының талаптарына сәйкес, ғимараттар мен құрылыстардың барлық жаңа конструктивтік шешімдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына кіргізілетін жаңа материалдар мен конструкциялар, оларды құрылыста пайдаланғанға дейін сейсмикалық төзімділік бойынша сынақтан өтуі керек. Қазіргі уақытта жаңа құрылыс материалдары мен конструкцияларды тексеру ҚазҚСҒЗИ ОҒЗЗ-да жүргізіледі. 

"Ғылыми-зерттеу зертханасы жаңғыртылғаннан кейін біз жаңа құрылыс материалдары мен конструкцияларын еурокодтардың талаптарын есепке ала отырып, тексере аламыз. ҚазҚСҒЗИ-ның құрылыс саласында 87-жылдық жұмыс тәжірибесі бар. Сондықтан бізге Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан елдері серіктестік туралы ұсыныс білдірген", - деді "ҚазҚСҒЗИ" АҚ бас директоры Бегман Кульбаев.  

Фото ашық ақпарат көзінен