
Еліміздің көмір өндіруші компаниялары ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында 18,3 млн. тонна көмір өндірді. Энергия өндіруші кәсіпорындарға10,4 млн. тонна көмір жөнелтілсе, өнеркәсіптік кәсіпорындарға 936,8 мың тоннакөмір жеткізілді. Ал, коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халыққа 1,4 млн. тоннакөмір жөнелтілді. Сонымен қатар экспортқа 4,6 млн. тонна көмір жіберілді.
Көмір энергетикалық және өнеркәсіптік кәсіпорындарға тікелей шарт бойынша көмір разрездерінің жөнелтілу бағасымен жіберіледі. Коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар және халық үшін көмірдің негізгі көлемі тауар биржалары арқылы сатылады. Коммуналдық-тұрмыстық қажеттілік және халық үшін көмір бағасы көмір разрезінің жөнелту бағасынан (әзірлеу жағдайына байланысты тоннасына 3-6 мың теңге), тасымалдауға кеткен темір жол тарифтерінен, жылжымалы құрамды күтіп-ұстау, көмірдің биржалық құнынан, сондай-ақ халыққа жеткізетін делдалдық ұйымдардың және жеке тұлғалардың маржасынан қалыптасады.
Елімізде көмір өнеркәсібін дамыту мақсатында өткен жылы "Қазақстан Республикасының көмір саласын дамыту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы" бекітілді, сондай-ақ "2019-2020 жылдарға арналған коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халыққа арналған көмір өнімдеріне қажеттілік жоспары" жасалды. 2020 жылғы 20 наурыздағы жағдай бойынша жылдық жоспарға (2019 жылғы 1 мамырдан бастап 2020 жылғы сәуірге дейін) сәйкес көмір қорымен қамтамасыз ету 99,7%-ды құрайды.
Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Алматы облыстары, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін көмірдің жылдық жеткізу кестесін толығымен қамтамасыз етті.
Сондай-ақ, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақтан, Солтүстік Қазақстан облыстарының және Шымкент, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының әкімдіктері халық үшін көмірдің жылдық жеткізу кестесін толығымен қамтамасыз етті.
Айта кету керек , Қазақстанда 2020 жылы 120 млн. тонна көмір өндіру жоспарланған. Осылайша елдің ішкі нарығына 82 млн. тонна, экспортқа 38 млн. тонна көмір жеткізілетін болады.