
Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек халыққа есеп беру кездесуінде мәлімдеді. Оның айтуынша, Өнеркәсіп секторының дамуын, тұрақтылығын және әртраптандыруды сипаттайтын Қазақстан экономикасының құрылымы кеңейіп келеді.
«Экономиканың технологиялық күрделілігінің жалпы қабылданған индексіне сәйкес Қазақстан 2010-2016 жылдары өз жағдайын 30 позицияға жақсартты (92 орыннан 62 дейін). Бұл біздің әлемдік нарыққа неғұрлым бәсекеге қабілетті түрлі тауарларды өндіріп, экспортқа шығарғанымызды білдіреді. Қазіргі уақытта тартылатын тікелей шетелдік инвестицияларының әрбір төртінші доллары өңдеу секторына келеді, оның жалпы ағынының үлесі 2017 жылдың қорытындысы бойынша 25% құрады»,-деп атап өтті министр.
Жалпы индустрияландыру басталғаннан бері (2010-2017 жылдары үшін) 6,1 трлн. теңге сомасына 1 148 жоба іске қосылды, 107 мың тұрақты жұмыс орны ашылды, соның ішінде 2017 жылы 1,5 трлн. теңгеге 120 жоба іске қосылып, 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.
«Мысалы, біз бұрын экспортқа толығымен кететін тек бокситтер мен глиноземді өндірсек, Қазақстандық электролиз зауытын іске қосу арқылы алғашқы алюминийді өндіру басталды – бұл екінші қайта жасау.
Өткен жылы «Giessenhaus» ЖШС жобасы аясында легирленген алюминийдің өндірісі бойынша 3-ші қайта жасауды бастадық. Осы жобамен алюминийден жасалатын автомобиль дискілерінің дайын өндірісі басталды»,-деді баяндамасында Жеңіс Қасымбек.
Министрдің айтуы бойынша өткен жылы машинажасау саласында көлемі 914 млрд. теңге болатын өндірістің 5,6% өсіміне қол жеткіздік. 2010 жылмен салыстырғанда жалпы өндіріс көлеміндегі машина жасау үлесі 2,9-дан 4%-ға дейін өсті.
Машина жасау өнімдерінің ассортименті біздің елде бұрын ешқашан өндірілмеген жоғары технологиялы тауарлармен толықты. Мысалы, бұл алдыңғы қатарлы стандарттарға жауап беретін локомотивтер, электровоздар, жолаушылар вагоны, тау-кен және мұнай-газ қондырғылары. Салада General Electric, General Motors, Alstom, Talgo, LG және т.б. белгілі компаниялар жұмыс істейді.