
Халықты жеке қорғау құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі маскалар өндіру бойынша күнделікті мониторинг жүргізуде. Бүгінгі күні отандық кәсіпорындар медициналық маскалар өндірісі бойынша жұмыстарды тәулік бойы жүргізеді. Сондай-ақ, маскалар өндірісіне тігін фабрикалары өз үлестерін қосуда.
Тігін және фармацевтикалық кәсіпорындарды маскалар өндіру үшін шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында "Azala Textile" ЖШС селдір мата өндірісі іске қосылды. Бүгінгі күні кәсіпорында тәулігіне 2,4 мың метр селдір мата шығаратын 2 станок жұмыс істейді.
Сонымен қатар, жақын арада үшінші станок іске қосылып, ол тәулігіне 1,2 мың метр өнім шығаратын болады. Осылайша, тоқыма фабрикасының мамандарының мәліметі бойынша кәсіпорын сәуір айының басында 48 мың метр селдір мата өндірмек.
Өндірістік кезең МЕМСТ 9412-93 медициналық селдір мата мемлекетаралық стандартына сәйкес жолға қойылған.
Сондай-ақ, қазіргі кезде өндіріс ошағы төмен тығыздықтағы ағартылған мақта матасын шығарады, оны қорғаныс маскаларын өндіру үшін пайдалануға болады.