
Бүгін Парламент Сенатында «Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі: қазіргі жай-күйі және өнімділігі жоғары бизнесті дамыту келешегі» атты Парламенттік тыңдау өтті. Аталмыш іс-шараға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов, ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Азамат Асқарұлы, сондай-ақ ҚР Парламенті Сенатының депутаттары және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдері қатысты.
Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Парламенттік тыңдау алдындағы жағдайды талдау жеңіл өнеркәсіпті дамытудағы бірқатар кедергілерді анықтауға мүмкіндік бергенін атап өтті. Ол сала дамуына кедергі келтіретін алты себепті атады. Оның ішінде өндірістің қымбаттығы, қажетті жабдықтардың жоқтығы, шикізат тапшылығы, мемлекеттік қолдау шаралары тиімділігінің төмендігі, жеңіл өнеркәсіп үшін перспектива жоқтығы, кәсіпкерлердің барлық күш-жігерін жоққа шығаратын көлеңкелі импорт екені атап өтілді.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов өз кезегінде жеңіл өнеркәсіп саласының соңғы жылдардағы даму қорытындылары туралы айтып, түйткілді мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар іс-шаралар ұсынды.
Бүгінгі таңда жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту - басым бағыттардың бірі. Өйткені, халықты жұмыспен қамтитын саланың әлеуметтік маңызы зор. 2015-2019 жылдары Индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 19 млрд. теңгені құрайтын 22 жоба іске қосылып, 1732 жұмыс орны ашылды. Жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2015 жылы 72 млрд. теңгеден 2019 жылы 113 млрд. теңгеге дейін өсті.
"Қарапайым заттар экономикасын" несиелеу тетігі аясында екінші деңгейлі банктер 6,6 млрд. теңге сомасына 30 жеңіл өнеркәсіп жобасын мақұлдады.
Сонымен қатар, вице-министр жеңіл өнеркәсіпті дамыту бойынша жол картасы мен мақта-тоқыма кластерін дамыту бойынша жол картасы әзірленіп, бекітілгенін атап өтті. Бұдан басқа, жақын арада «Оңтүстік» АЭА-дан тыс орналасқан мақтаны қайта өңдеу жөніндегі қолданыстағы тоқыма фабрикаларына арнайы экономикалық аймақ преференцияларын беруді көздейтін қаулы қабылдау жоспарланып отыр. Бұл шаралар отандық мақтаны қайта өңдеу үлесін 3 есеге ұлғайтып, қосымша 1000 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, ішкі нарықты жаулап алу, сонымен қатар экспортқа қол жеткізу үшін қазақстандық брендтерді белсенді дамытып, ілгерілету қажет. Осы ретте Аманияз Қасымұлы индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының үшінші бесжылдығы аясында көптеген шаралар көзделгендігін айтты. «Алдымен, Қазақстанда өндірілмейтін шикізатты импорттық баждан босату, сауда алаңын жалдау, бөлшек сауда, маркетинг, жарнамаға қызметкерлерді оқытуға байланысты шығындарды 60% дейін өтеу, сондай-ақ фабрикаларды салу және кеңейтуге, өндірістік және сауда жабдықтарын сатып алуға, соның ішінде жапсырмалауға байланысты шығындардың 50% өтеуді қарастыру», - деді А. Ержанов.
Парламенттік тыңдау соңында Сенат басшысы бұл бағытта әлі үлкен жұмыстар жасауды, сондай-ақ Үкіметке жіберілетін ұсыныстарды түпкілікті тұжырымдау керектігін атап өтті .
Сенатта өткен тыңдау аясында жеңіл өнеркәсіптің отандық өндірушілері өнімдерінің көрмесі ашылғанын айта кету керек. Оған 23 қазақстандық кәсіпорын қатысты. Көрмеде күнделікті киім-кешек, төсек-орын және үйге арналған тоқыма үлгілері: көрпе, жастықтар, сүлгілер, жапқыш, тоқыма жүн бұйымдары қойылды. Сонымен қатар көрмеде мектеп формасының үлгілері – шалбар, сарафан, кеудешелер, жемпірлерді көруге болады. Сондай-ақ, отандық өндірушілердің өнімдері арасында сырт киім, арнайы және нысанды киім, бас киімдер, кілемдер мен кілем бұйымдары бар .