
"Ашық сағат алаңында" энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар баяндалды. Жиынға Индустриялық даму комитетінің, "Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты" АҚ және отандық кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру басқармасының басшысы Сәуле Инаханованың айтуынша, заң жобасы "жасыл экономикаға" көшу тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде 2050 жылға қарай ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын екі есеге төмендету мақсатында әзірленген.
"Еліміздегі ірі кәсіпорындарда энергия менеджерінің рөлін орындау үшін энергия үнемдеу жөніндегі жауапты тұлғаларды бекіту қарастырылған. Сондай-ақ, энергияны көп қажет ететін топ-100 кәсіпорын үшін энергия тиімділігі жөніндегі нысаналы индикаторларды белгілеу көзделген. Бұдан бөлек, энергоаудитор болуға ниетті үміткерлерді аттестаттау жөніндегі құзірет қызметкерлердің біліктілігін растау жөніндегі органдарға берілді", - деп атап өтті Сәуле Инаханова.
Аталмыш шара сала сарапшыларының кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етіп, энергия аудиттерінің сапасын жақсартады.
Сондай − ақ заңда бұзушылықтарды өз бетінше жою мүмкіндігін беру үшін мемлекеттік бақылаудың жаңа тетігі- кәсіпорынға бармай профилактикалық бақылау жүргізу көзделеді. Профилактикалық бақылау әртүрлі көздерден алынған ақпаратты зерттеу, талдау, салыстыру арқылы жүзеге асырылады. Оның қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс жасалады.