Қазақстанның энергияны көп қажет ететін салаларының инвестициялық әлеуетін дамыту мәселелері талқыланды

Қазақстанның энергияны көп қажет ететін салаларының инвестициялық әлеуетін дамыту мәселелері талқыланды

ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов Дүниежүзілік банкпен бірлесе "Энергия тиімділігі, декарбонизация және ең үздік қолжетімді технологиялар тұрғысынан Қазақстанның энергияны көп қажет ететін салаларының инвестициялық әлеуетін айқындау және дамыту" жобасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылған қорытынды кеңесшілік семинарға қатысты.

Бүгінде декарбонизация, көміртекті бейтараптық, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері әлемдік деңгейдегі тұрақты дамудың  маңызды бағыттарының бірі болып табылады.

Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов Қазақстанның осы бағытта мақсатты мемлекеттік саясат жүргізіп жатқанын атап өтті. Декарбонизация саласында жетістіктерге жетудегі құралдардың бірі-энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру.

«Қазақстан энергияны көп қажет ететін экономикасы бар елдердің бірі екені белгілі. Алайда, энергия үнемдеу саясатын белсенді ұстанудың нәтижесінде жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығын 2008 жылғы деңгейден 38%-ға төмендетуге қол жеткізілді. Бұл ауқымды жұмыстың бастамасы 2012 жылы "Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы" жаңа заңның қабылдануымен байлпанысты, онда өнеркәсіпті технологиялық жаңғыртуға ерекше назар аударылған", - деп атап өтті Ілияс Оспанов.

Осылайша 2012 жылдан бастап 1800 энергия аудиті өткізілді, оның қорытындысы бойынша 323 млрд теңге сомасына энергия тиімділігі жөніндегі іс-шаралар іске асырылды, бұл жылына 82 млрд теңгені үнемдеуге көмектесті. Саясаттың заңнамалық негіздерін бекітіп, мемлекеттік энергетикалық тізілім түрінде пәрменді құралдар жасай отырып, өнеркәсіп секторының энергия сыйымдылығы 2 есеге төмендеді.

Сондай-ақ Ілияс Оспанов халықаралық ұйымдармен бірлесе атқарылған жобалардың маңыздылығын атап өтті. Соның бірі - Дүниежүзілік банкпен 2014 жылы бастау алған  "Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру" жобасы.

«Бұл жоба біз үшін экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан өте маңызды. Аталмыш жоба аясында 97 әлеуметтік нысан – мектептер, балабақшалар, ауруханалар, көшені жарықтандыру нысандары жаңғыртылды. Нәтижесінде нысандардағы энергия тұтыну көрсеткішін 25% - ға төмендетуге және жылына 1,3 млн. $ мөлшерінде бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік болды", - деді Ілияс Оспанов.

Жалпы семинар аясында халықаралық және ұлттық сала сарапшылары, өнеркәсіп кәсіпорындарының энергия менеджерлері елде энергияның төмен бағасымен туындаған кедергілерді еңсеру мәселелерін, келесі онжылдықтағы декарбонизация жоспарларын, гранттарды, қаржыландыру схемаларын және өнеркәсіптік кәсіпорындар ұсынатын декарбонизацияның инвестициялық жоспарларын қолдау үшін несие желілерін ұсыну мәселелерін талқылады.